Қызылорда облысы

БЕГІМ АНА МҰНАРАСЫ

Х-ХІ ғасырларға жататын сәулет ескерткіші. Бегім ана мұнарасы қам кесектен тұрғызылып, шаршы пішінді күйдірілген кірпішпен қапталған.  Арал ауданы, Жаңақұрылыс кеңшарынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан.

Бегім Ана – Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі.

ХІ ғасыр тұсында оғыздар тайпасының билеушісі Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Селжұқтар елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасан қаласынан Сыр бойындағы Жанкент қаласына көшіріп орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлуға үйленеді. Бегім сұлу көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты.

Бегім ана туралы аңыз былайша өріледі: Санжар хан аңға шығып бара жатып үйінде қалып қойған қанжарын әкелуге құлын жұмсайды. Құл ханның жұмсағанын айтып Бегім сұлудан қанжарды беруін өтінеді. Қанжарды қолына алғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл «Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң Аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!» депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!» – деп зар еңірейді.

Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» деп қарғап батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толған жылан екен. Жылан қала сыртына тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады дейді аңыз желісінде.

Ал, Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім ана мұнарасын салдырып: «Мұнан былай еркекті көрмеймін» деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізіпті деседі. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button