Маңғыстау облысы

ДОСАН ТӘЖІҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Кесене Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шебір ауылынан 15 шақырым оңтүстік-шығыс бағыттағы Қаратөбе қорымында орналасқан.

Досан Тәжіұлы (1835-1876) – батыр, тәуелсіздік үшін патша отар Маңғыстау көтерілісі басшыларының бірі. Досан Ресей үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ережесін» әділетсіздік деп бағалап, халықты көтеріліске бастап шығады. 1870 жылдың көктемінде Досан бастаған сарбаздар қазақ халқына алым-салық төлету үшін келген подполковник Рукиннің жазалаушы отрядын Үшауыз деген жерде тас-талқан етіп жеңеді. Иса, Досан бастаған көтерілісшілер сол жылдың сәуір айының 5-8 күндерінде порт Александровскіні қоршауға алады. Армян базарын ойрандап, өндіріс иелері мен саудагерлерді тұтқындайды. Николаевск станциясын өртеп, Қарағантүптегі маякті қиратады.

Досан сарбаздары жазалаушы отрядпен кескілескен шайқас жүргізе отырып, 1870 жылдың желтоқсанында 3 000 үй болып Хиуа хандығына өтіп кетеді. 1874 жылы ауылымен қайта оралып, Сам құмына қоныс тебеді. Алайда патша тыңшылары қайта оралғанын хабарлайды. Досан ауылын Ресей үкіметінің Аничкин бастаған іздеуші жасағы қапыда қоршап алып, жаралы батырды қолға түсіреді. Досан Форт түрмесінде 2 жылдан кейін қаза тапты. Батырдың сүйегін туған жері Бозащыға Жанғабыл (халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының әкесі) бастаған бір топ азаматтар жеткізген.

Досан батырдың ерлігін Ақтабан, Балаораз, Қалнияз, Сәттіғұл ақындар жырға қосқан. Халық Досанды өте шапшаң, найзагер, ерлігі ақылына сай айрықша жаратылған жан ретінде сипаттайды. Ел аузындағы аңыздар бойынша «құйғытып шауып келе жатып, тақыр жердегі қойдың құмалағын жармай шаншып алып кетеді екен», «атқысы келіп көздегендерге ол бірнешеу болып көрінеді екен» деген әңгімелер өте көп.

Тәуелсіздік үшін патша отарлаушыларына қарсы күрес туын Маңғыстауда тұңғыш көтерген Досан ман Иса есімдері егеменді ел атанып жатқан қазіргі заманда өздерінің туған жері Маңғыстау топырағында ең бір қасиетті, ең бір қастерлі есімдер болуға лайықты екені даусыз.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=66

Басқа материалдар

Back to top button