Шымкент қаласы

Исфиджаб қалашығы

          Орналасқан жері: Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде орын тепкен көне қаланың тарихы тереңде жатыр. Оңтүстіктегі орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі – Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Ал ақ қала деуінің мәні мұнда сол замандарда кілең тақуа, діндар, ізгі ниетті әулие-әмбиелер, бабтар мен шейхтар өмір сүргендігінде болуы мүмкін.

Исфиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге өтпелі сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары – керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқанд көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығыс шығарған және Исфиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты.

 

Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салынған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме – и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфағани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады. Кейінірек қаланы қазақтар қолға алған кезде ол Бұхара мен Самарқандқа сол жерден жасалатын жорықтардың тірек қорғанына айналды

 

Басқа материалдар

Back to top button