Қарағанды облысы

КЕЙКІ БАТЫР ҮҢГІРІ

Ұлт тарихында есімі жаманатқа телініп, бар ісі, әрекеті теріс бағаланған, «аса жоғары мәртебелі» патша ағзамның саясатымен де, советтік «қызыл қырандармен» де сыйыспай өткен тұлғалардың бірі де бірегейі – Кейкі батыр (Көкембайұлы). 1916 жылғы Торғай өңірінде өткен ұлт-азаттық көтерілістің даңқты батыры, атақты мерген Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. 1871 жылы Торғай өңірінің Байтума қопасында дүниеге келген. 1916 жылғы Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі батыр Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерлік көрсетіп, алашқа даңқы жайылған. Кейкінің бейнесін көркем әдебиетте Ғабит Мүсіреповтен Серік Тұрғынбекке дейінгі қалам қайраткерлері суреттеді: Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленсе, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Ал қарасөзде Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы бар. Алайда 94 совет заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған. Астарлап айтылса да бұл кісілер Кейкінің шын мәнінде кім екенін, ұлт тарихында қандай орын алуы тиіс екенін жеткізе білді. Кейкінің шынайы бейнесі көзін көрген замандастарының аузымен айтылып, тарихи деректер негізінде жазылған кітаптың авторы – Шөптібай Байділдин. Сондай-ақ поэзияда батырдың бар болмысы түгел ашыла жазылған эпикалық туынды – Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» дастаны. Керісінше, онсыз да тағдыры ауыр, аттың жалында қайшылықпен өткен есіл ердің тарихта әділетті бағасы беріліп, ұлттың айтулы тұлғаларының қатарына енуіне мүдделі. Ең бастысы, Торғай өңірінде 2007 жылы салынған батырдың кесенесіне Ресейдегі бас сүйегі жеткізіліп, ақ жуып, арулап қоюды бар қазақ зор төзімділікпен күтті. Кейкінің азан шақырылып қойған аты – Нұрмағамбет. Оның Кейкі атануының сыры – жасынан аң құс аулап, кісіге онша жоламай, біртүрлі кейкиіп жапан далада жалғыз жүргендігінен. Кейкі балуан денелі, түсі суық, бірбеткей, қайсар, Арқа, Торғай даласын жатқа білген, күн райын алдын ала дәл болжаған адам болған деп сипаттайды көзін көрген қариялар. Сонымен қатар қолына Құран ұстап, намаз оқыған. Ел тарихында Кейкінің құралайды көзге атқан деп сипаттайтын ғажайып қолмергендігі ақиқаттан шығып, аңызға айналып кеткен. Халық арасында «Аманкелді көз мерген, Кейкі қол мерген» деген сөз айтылады. Мұның сыры – Аманкелді сардар қай нысананы да көздеп атқан және көздегенін ешқашан мүлт жібермеген болса, Кейкі кез-келген нысананы атпен шауып та жаяу жүгіріп келе жатып та шапшаң атып түсіре беретін нағыз мергеннің өзі болған. «Кейкі үңгірі» – халық батыры Кейкі жасырынған жер атауы. Сайын дала төсінде саяқтай қашып жүрген батырдың жасырынған тау қуысы Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қорғасын ауылынан жеті шақырым жерде тұр. «Мақат сахнасына» екі шақырым. Үңгір – Қараторғай өзенінің ық бетіндегі биік таудың жақпарында орналасқан. Кейкі үңгіріне жергілікті халық белгі орнатқан. Белгінің бетіндегі гранит тасқа: Ел емес пе ек, батыр ортақ дейтұғын, Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын. Ей, жолаушы, аттан түсіп, тағзым ет, Үңгірі бұл Көкжал – Құлан – Кейкінің!- Деген бір ауыз сөз жазылыпты. Бұл белгі де Кейкі үңгірінің қасиетті екендігін білдіреді. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалық, қандай қимыл үстінде де екі қолы мылтықты нысанаға дәл ұсынатын. Кейкі батырдың бұл кездегі атағы дұшпандарын да сескендірген. Тіпті Қарсақпай Ішкі істер бөлімі жансыздары тынымсыз іздестіруі арқылы батырдың жатқан жері, із тастап баратын бағыты, жер-жердегі батыр сеніміне кірген азаматтар – бәрі-бәрі тексеріліп, анықталып, жазылған құпия жазбалар Торғайдағы әскери комиссариатқа жолданып отырған. Соның ішінде жолданып отырған жазбаларда осы үңгір келтірілген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button