Маңғыстау облысы

МАХТУМ БАБА МЕШІТІ

Махтум баба мешіті – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласынан шығысқа қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан кешен. Бұрынғы заманда бұл жер Қаңға баба шатқалы деп аталған.

Қаңға баба шатқалы «Маңқышлақ» кеме айлағынан Хорезмге, Хиуаға баратын керуен жолындағы маңызды орын болған. Ол көптеген саяхатшылардың және зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Ескерткіштер кешені ежелгі қоныс үшін ыңғайлы, біртіндеп кең алқапқа ауысатын Үстірттің оңтүстік жақ баурайында орналасқан. Кешеннің басым бөлігін (орталық және шығыс жағын) көне түркімен ескерткіштері – негізінен тас белгілер, «қойтас» түріндегі қабіртастар; жәшік-сандықтас; ішінде орнатылған қабіртасы бар тақта тастардан жасалған қоршаулар; сонымен қатар шырақ ойығы бар тас белгілер орналасқан.

Махтум баба мешіті қыпшақ-оғыз заманында керуен сарайының ғимараты ретінде пайдаланылса, кейінгі ғасырларда мектеп-медресе болған. Мешіт үлкен және кіші бөлмелерден тұратын көп камералы құрылыс болып келген.

Имам Хусейннің ұрпақтарынан шыққан қасиетті Махтум баба Маңғышлақ жеріне курекал түрікмендері өмір сүрген бұрынғы Парсы жерінен келген. Көп ұзамай оған мүридтер келе бастады және олардың саны айтарлықтай көп болды. Бұл кезде Қаңға аймағында бірде-бір ағаш болмаған еді. Бір күні мүридтер Махтум бабаға келіп, бау-бақшаға серуендеуге рұқсат сұрайды. Оған жауап ретінде Махтум баба былай дейді: «Бүгін ешқайда бармаңыздар, егер ертеңге дейін жақын маңнан бақша таба алмасаңыздар, онда бақшаға кіруге рұқсатымды беремін». Мүридтер оған мойынсұнып, келесі күні таңертең жақын маңдағы таудың барлығы көздің жауын алатын көптеген ағаштарға толы екендігін көреді. Бұл ғажайып көрініске таңғалған олар Махтум бабаға келіп, аяғына жығылып, күнәлары үшін өкініштерін білдіреді. Бұдан кейін Махтум бабаның мүридтерінің саны көбейіп, бірнеше мыңға жетеді. Махтум баба қайтыс болғаннан кейін бақшалар жойылып, осы заманға дейін тек бірнеше тұт ағаштары ғана сақталып жеткен.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=70

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button