Шымкент қаласы

Қарашаш ана кесенесі

Орналасқан жері: Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші. Сайрам ауданы Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Яссауидің анасына арнап салынған.

Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол текті адам, Сайрамдағы танымал Мұса шейхының қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты және көрегенді әйелдерінің бірі болды. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Аңыздар бойынша Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік арманына айналды.

Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың бұндай типі кейінгі  ортағасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынды. Ол 27 х 27 х 5 см мөлшерлі төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сондай-ақ, құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылды. Кесене сапалы материалдардан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылды. Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің өлшемі 6,3 х 6,3 метр. Ғимарат бұрыш қалқандарына негізделген барабанда тұрған күмбезбен аяқталады. Күмбез биіктігі 7,08 метр. 1996 жылы күмбезді жапырақты ақ қаңалтырмен қаптады. Оңтүстік жіне оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар.

Ішкі бөлігінде күмбез ұшы сыланған, кіреберіс үстіндегі жарық саңылауы ағаштан жасалған панжар торымен жабылған. Құм тығырындағы едендер кірпіштен қаланған. Кесененің орталық бөлігінде мрамор тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың  бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button