Қарағанды облысы

ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ

1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Батов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында беделді 42 азамат қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Т.Нұрекенов, т.б. белсене атсалысты. Қоянды петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда – саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!». Қарқаралы петициясында жергілікті халықтың құқығы мен абыройын аяқ асты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүгенсіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты талаптар да қойылды. Қазақстанда Қарқаралы уезінде Қоянды жәрмеңкесі болды. Деректерге үңілсек, мұның дамуына және сауданың табысты болуына игі әсерін берген алғы шарттар қатарына мыналар жатты: «благоприятные местные условия, удобное размещение ярмарки, бесплатное продовольствие для всех гуртов скота, привольные пастбища и отсутствие всяких стеснений». Жәрменке тарихы Ялуторов көпесі Варнава Иванович Ботов 1848 жылы тауарларымен бірге Петропавлға барған кезде басталды. Жергілікті өлкелердің жағдайын жақсы зерттеп алған ол, айырбас сауданы Қарқаралы станицасынан 50 шақырым жерде ашты. Сауда орны Талды өзеніне жақын орналасқан Қоянды алқабы болды. Басында айырбас сауда онша тұрақты емес түрде жүргізілді. 1869 жылдың 12-13 қыркүйегінде Батыс Сібір бас басқармасының Кеңесінің рұқсатымен Қоянды жәрмеңкесі ресми түрде ашылды. Жәрмеңке орны Қарқаралы уезі қазақтары пайдаланып жүрген мемлекеттік жерде болды. 1871 жылы 101 қазақтардың пайдаланып отырған 55 шаршы шакырым жері Батыс Сібір генерал губернаторының бұйрығымен жәрмеңке орны үшін және жәрмеңкеге түскен мал жайылатын жер үшін тартып алынды. Қоянды жәрмеңкесіне әсер еткен факторлар аймакта тау -кен өнеркәсібінін дамуы, кен орындары мен зауыттар ашу. үкіметтің дала саудасына ыкпал етуі де болды. Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттықты жүргізу үшін арнайы қоймалар, келішулер тоқтайтын киіз үйлер, телеграф, пошталар салынды.

Басқа материалдар

Back to top button