Маңғыстау облысы

ҚЫЗЫЛҚАЛА ҚАЛАШЫҒЫ

Қалашық Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан 20 шақырым солтүстік-батыс бағытта, Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан.

Қызылқала ірі сауда-қолөнер қаласы болған (X-XIII ғғ.). Алғашқыда ескерткіштің қабырғалары ғана бекітілген керуен сарай болған, кейіннен сыртынан таспен қапталып, 13 қарауыл мұнаралы мықты қамалға айналдырылған. Бекіністі айнала қоршай саудагерлер мен кәсіпкерлердің қаласы орналасқан. Қыш-шөлмек ыдыстардың, күйдірілген кірпіштер мен темірден, мыстан, құнды металдардан жасалған бұйымдардың, тас диірмендердің сынықтары, орақтың табылуы бұл жерде өндіріс орындары болғандығын және ежелгі диқаншылық кәсіп игерілгендігін айғақтайды. Жалпы көлемі 50 гектарға созылған Қызылқала қалашығы Орта Азиялық үлгімен салынған. Қала солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 м, ені 400 м созылған.

Археологиялық зерттеулер мен тарихи жазбаларға сүйенсек, бұл қалашық алғаш рет араб тарихшысы ал-Истахри X ғасырда атап өткен түбектіктің астанасы әйгілі Маңғышлақ қаласының орны болуы ықтимал. Қазба жұмыстарының нәтижесінде бұл қаланың моңғол басқыншылығынан бұрын күйрегені анықталды. Ал жазба естеліктеріне қарағанда, Маңғышлақ қаласын 1127 жылы Хорезмшах Атсыз шабуыл жасап, басып алған. Осы  Маңғышлақ пен Қызылқала бір қала болуы мүмкін. Бұл қаланың орнын 1375 жылы каталондық А.Кресктің және 1386 жылы ағайынды Пицциганилер жасаған карталарынан көруге болады.

Мұнда табылған жеке артефактарды зерттеу нәтижесі – бұл қалаға ирандық ыдыстардың, мысырлық және қытайлық моншақтардың, балтық янтарьлары сияқты тауарлардың әкелінгенін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде қалашық алаңы қыш ыдыстар мен сынған қызыл кірпіштен тұрғандықтан Қызылқала деп аталады.

XIII ғасырдың екінші жартысында моңғол шапқыншылығынан Хорезм мемлекетінің күйреуінен кейін, теңіз деңгейі өзгеріп сауда трассаларының бағыты ауысуына байланысты экономикалық мағынасы жоғалып, қала өмірі тоқтаған.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=69

Басқа материалдар

Back to top button