Батыс Қазақстан облысы

ҮКІ БИ КЕСЕНЕСІ

Үкі би кесенесі – Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе округіне қарасты Қызылжар ауылында орналасқан ескерткіш.

Үкі би Төлепұлы (т.ж.б. – өлген жылы шамамен 1822) – кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде көзге түсіп, ел істеріне белсенді араласқан батыр, би, шешен. Оның қызметі атақты Сырым батыр заманынан бастау алып, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкей хандардың, Қаратай, Орман, Арынғазы сұлтандардың ел басқару кезіндегі күрделі тарихи оқиғаларымен байланысып, дамыды. Айшуақ хан тұсында старшын ретінде көзге түсіп, Жантөре хан тұсында Орман сұлтан төрағалық еткен Хан кеңесіне мүше болып, ел басқаруға тартылады. Сол тұста Кіші жүзде қалыптасқан шиеленісті оқиғалардың ортасынан көрініп, ел ішіндегі қарым-қатынасты қалпына келтіруге ұмтылды.

Орыс үкіметінің отарлауына ұшыраған қазақ жұрты империяның құйтұрқы саясатына қарсы қояр әдіс-амалын өзінше түсініп, өзінше пайымдады. Ресей әмірінен шыға алмаған Жантөре ханның өз қазағының қолынан ажал құшуы соның көрінісі еді. Ал Жантөренің өлімінен соң Үкі биді уақытша Хан кеңесінің төрағасына ұсынудың өзі оның тұлғалық болмысын мойындау болатын. Орынбор әкімшілігі Кіші жүзге Шерғазыны хан сайлаған кезде де Үкі би жаңадан жасақталған кеңеске мүше болып қалды. Хан кеңесшісі бола тұра, Үкі бидің Жантөре, Шерғазы хандармен арадағы кейбір кикілжіңдердің орын алуы сол кездегі саяси көзқарастарының арасындағы алшақтыққа байланысты. Патша үкіметі бекіткен Кіші жүз хандары өз үстінен Орынбор басшылығына бірнеше рет шағым түсірсе де, Үкі би өмірінің соңына дейін Хан кеңесшісі қызметін атқарды.

Үкі би өз дәуіріндегі белгілі һәм беделді тұлғалар қатарынан көріне білді. Орман сұлтан, халық қолдауына ие болған Қаратай, Арынғазы сұлтандармен өте жақсы қатынаста болды. Оның Орынбор әкімшілігімен, Орал казак-орыстарымен байланысы, Кіші жүзді басқарған хан сұлтандармен, белгілі би, батыр, старшындармен арадағы қарым-қатынасы, бірнеше жыл үзіліссіз Хан кеңесшісі ретінде ел алдына шығып, билік жүргізуі қайраткерлік қарымын, өлке тарихынан ойып орын алуға лайықты тұлға екенін айшықтай түседі.

Заманында кіші жүзге әйгілі болған Үкі бидің сөзіне тоқтамаған кісі жоқ дейді. Өлкетанушы Ж.Әбілпейісов: «Ол екі иығына екі кісі мінгендей нар тұлғалы ірі кісі болыпты. Жайыққа қазақ атаулыны жолатпай жаналғыш әзірейілдей тап беретін казак-орыстар Үкі биден қаймығып, айналасындағы еліне қиянат жасай алмаған», – деп сипаттайды.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=36

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button