Ақмола облысы

«Әулиелер ордасы»

«Тоғыз әулие» зираты Астанадан 150 шақырым жерде Астрахан ауданында орналасқан. Осы жерде отызға жуық қажылар және бірнеше рет қажылыққа барған адамдар жерленген. Соның бірі Ақмола округінің аға сұлтаны Ибраһим қажы Жайықбай, Шонтыбай-хазрет. Олардың ішінде, осы уақытқа дейін халыққа белгісіз: Жанбатыр хазірет, Құтан хазірет, Алдажар хазірет, Жантас хазірет, Әлтә хазірет, Мұса хазірет, Құранды жатқа білген Шернияз қари, Нұртаза хазірет, Сәдуақас хазірет, Сопы Көпей хазірет, Бақберген хазірет және басқалар. Батыр қажы мен Шонтыбай хазрет Астананың маңындағы Астрахан ауданындағы медреседе сабақ берген және мешітті қамтамасыз еткен. Осы ақпаратқа сүйене отырып, біздің бабаларымыздың Меккедегі ғұлама-шейхтермен байланыста болғандығын білеміз. Ол кісінің тарихи тұлға екендігіне тағы бір дәлел, атақты Мәшһүр Жүсіптің өзі  Мекке – Мадинаға барып мұсылмандық парызын атқарып қайтуын құттықтап, қажыға мынандай жүрек жарды дастан арнаған:

Ассалаумағалаәйкум, ай, Қажеке!

Медине, құтты болсын, Бардың Мекке!

Қылкөпір ол-сираттан  өткендей боп,

Сау қайтып есен-аман келдің жеке.

Келдің бе есен-аман данышпаным,

Дін үшін қайрат(ғайрат) қылған арыстаным,

Көрісіп пайғамбармен, құшақтасып,

Төрт жармен ( иармен) құтты болсын табысқаның.

Сіз- бір ер: Орта жүзге  үлгі салған,

Ерлерден қасиетті үлес алған.

Есіл мен Мойыншақтының арасындай,

Оңай боп жүруіңе тоғыз(тоқұз) барған,

 

Жарасар қалай айтсақ, тақсыр Сізді!

Кез қылып сөйлеткен соң тәңірім бізді!

Арғын, Қыпшақ, Найман, мен Керей Уақ,

Бастадың басшы болып Орта жүзді,

Шонтекем, айналайын, тақсыр-пірім,

Бастаған Орта жүзді кемеңгерім,

Айрылып ел-жұртымнан жүрген кезде,

Тарқаған Сізді көріп ішкі шерім!

Мен қажы көргенім жоқ Сізден басқа,

Ер едің атың шыққан «Алты Алашқа»!

Ерлерім қажы жолында зая болып,

Көкірек-қайғы, көз толып қанды жақсы!

Батырқожа қажекең сол жерде өлген,

Сұраусыз онда өткен жан ұжмақ кірген,

Бабасы Шонтекемнің және сонда,

Төртеуін тақсыр өзі қолдан көмген.

Осы дастанның мазмұнына қарап-ақ, ақын сопы және ойшыл Мәшһүрдей адамның пірі болғандығы, Құтб-заман деп атауы, Шонтыбай қажының тегін адам  еместігіне үлкен дәлел болса керек. Құтб-заман деген ол әулиеліктің ең биік дәрежесі. Олар бір –бірімен  қатты сыйласқан. Құлан қыпшақтардың Ақмола өңіріндегі тіршілік тарихынан сыр шерткен, Жақып молда Қошқарбайұлының Астана қаласында тұратын ұрпағы Марат қажы Аманжолұлы молда ұрпақтарының қорымы жөнінде былай дейді:

«Жалтыр стансасының жанында 9 қажының сүйегі жерленген қорым бар. Ол Құлан Қыпшақ молда ұрпақтарының фәниден бақиға көшкендердің зираты. Әкем, марқұм Аманжол Смағұлұлының айтуы бойынша, осы қорымда есімі елге кеңінен мәшһүр, атақты тоғыз қажы жатыр. Мұнда жерленген қажылар Жанбатырдан бастап Шонтыбай хазірет, Жантас, аға сұлтан Ыбырай, Алдажар, Құтан хазіретке дейін. Негізінен кеңес үкіметіне дейін молда ұрпақтарының жайлауы қазіргі Луговое деген жерден Астрахан  ауданына дейін,Қыстауы Жалтырдан бастап Атбасарға  дейін болған. Кезінде Ресей патшасы кеңсесінің бұл жерлерді біздің ата-бабаларымызға  заңдастырып берген тарихи құжаттары да болған дейді.

«Тоғыз әулие» зиратында Шонтыбай хазретпен бірге оның бабалары Қошқарбай батырдың асыранды ұлы шайқы Жақып молда да жерленген. Қошқарбай батыр Жақып молланың тегі хан тұқымынан екендігін ескеріп, оны шайқастарда қолға түскен Бадамхар деген Қалмақ ханының қызы Құмайға үйлендіреді. Қошқарбай батырдың өзі қазіргі Омбы облысына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ол Сібірде Абылайханның қолбасшысы бола отырып, бес мыңнан астам жоңғарлар мен ұранхайлықтарға соққы беріп қана қоймай, оларды Оба өзенінен асыра тықсырып қуып тастайды. Өз заманында Абылайханның өзі осы Жақып молладан бата алған деседі. Қошқарбай батырдың арғы ата-бабалары  өткен мыңжылдықтың XV ғасырында Сібір жерлерін қоныстанған. Олар Тобыл мен Сүйір өзендерінің аралығындағы жерлерде көшіп-қонып жүрген. Олардың  нақты сол өңірлерді мекендегендіктерін арнайы бекітілген жағырапиялық атаулар растайды. Қазіргі Новосібір облысы байырғы заманнан бері Құланды даласы деп аталған. Ал Омбы облысында Олжай деген тұзды көл бар (оның ежелгі атауы Сортаңкөл). Бұл атау Олжай батырдың бабасы Қошқарбай батырмен байланыста болса керек. Олжай-батыр Жамақұлы XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың басында өмір сүргені, оның Сағалай, Балажай есімді екі батыр ұлы болғаны белгілі болды. Олжай батыр Сібірді отарлауға қарсы көтерілістерді басқарғандықтан, Ресей үкіметі оның кіші ұлы Балажай батырды күштеп, кәпірлердің дініне кіргізген. Балажай батырдың  ұрпақтары Сібірде атақты «Полежаевтар әулеті» деген атпен белгілі болған.  Омбының бұрынғы губернаторы Леонид Константин-ұлы Полежаев – Балажай батырдың тікелей ұрпағы. Ресейдің отарлау мақсатындағы басқыншылық соғыстарынан кейін Олжай батыр Жамақұлының бастауымен ағасы Сейтқұл батыр Құрымбел даласына көшіп кетуге мәжбүр болады. Жақып молла мен оның ұрпақтарының айдаладағы осы зиратты таңдау сырының себептері, олардың бабалары Қошқарбай батырдың осы зиратта жерленуі мүмкін-ау деген ойға қалдырады. Кейінде осы ежелгі «Тоғыз  әулие» зиратына өз заманындағы отызға жуық белгілі ғалымдар  және бірнеше қажылыққа барған ер адамдар жерленген. Соның бірі – Ақмола округінің аға сұлтаны  Ибраһим қажы Жайықбай. Олардың ішінде осы уақытқа дейін халыққа белгісіз Жанбатыр –хазірет,  Құтан – хазірет,  Алдажар –хазірет, Жантас –хазірет, Әлтә-хазірет, Мұса –хазірет, Құранды жатқа білген Шернияз қари, Нұртаз –хазірет, Садуақас –хазірет сопы Көпей-хазірет, Бақберген-хазірет және тағы басқалар».

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button