Ақмола облысы

КЕНЕСАРЫ XAH ҮҢГІРІ

Кенесары үңгірі Ақмола облысы, Бура­бай ауданында Бурабай көлінің оңтүстік жағалауында орналасқан. Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 м-дей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Үңгір диаметрі 5-6 м, биіктігі 1-3 метр шеңбер пішінде. Кенесары үңгірі – туристер көп баратын орындардың бірі.

Патша үкіметінің 1822-1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қа­зақ ұлтының дәстүрлі басқару және құқық жүйесін жойып, оның орнына округтік және шекаралық орыс басқару мекемелерін ашты. Келімсектер қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, оның әр өңіріне әскери бекіністерін сала бастады.

Ұлттық азаттықты аңсаған Кенесарының орыс бодандығына қарсы күресі 1837-1847 жылдары аралығында он жылға созылған. Кіші жүз көтерілісті қолдамаған. Халел Досмұхамбетовтың айтуынша, «Кенесары заманында Кіші жүз хандарға көмектеспей көңілдерін қалдырды». Таққа отырғысы келген төре мен сұлтан ұрпақтары қазақтар ішіндегі өшпенділік пен ұлттың күйреуіне себеп болды.

Тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмаханов сұлтандар мен көтерілістің нақты себептері туралы кітап жазды. Осы оқиғаларды әшкерелегені үшін оған айып тағылып, сотталды. Бұл туралы Медеу Сәрсеке жазған «Ермұхан Бекмаханов» атты өмірбаяндық романнан оқуға болады.

 

Басқа материалдар

Back to top button