Ақмола облысы

Паң Нұрмағанбет кесенесі

Нұрмағанбет Сағынайұлы (1848-1925) халық арасында «Паң Нұрмағанбет» атымен танымал. Ол асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысқан ауқатты бай, саятшы болған. Паң Нұрмағанбет кесенесі Ақмола облысы, Ақсу кенті маңында орналасқан.

1891 жылы II Николай Омбы қаласына келгенде, Паң Нұрмағанбет үлкен қ киіз үй тігіп, патшаға 1000 жылқыны сыйға тартқан. Әсем жабдықталған киіз үйдің ғажап болғаны сонша, оны XX ғасырдың басында Нижний Новгородта өткен Бүкілресейлік көрмеге, кейін Париждегі ЭКСПО көрмесіне жұрт назарына қойған. Қазір киіз үй Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы.

Дінге сенуші Нұрмағанбет қасиетті Меккеге төрт рет қажылыққа барған. 1908 жылы Меккеге қажылық сапарға барғанда Шам (Дамаск) шаһарынан қазақ елінен қажылыққа келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Туған ауылында ағаштан мешіт салдырды.

Паң Нұрмағамбет ел есінде 1886 жылы әкесі Сағынайға берген асымен қалған. Үш жүздің басы біріктірген сол асқа 500 ақ үй тігіліп, сонша бұхар кілемі сатып алынған. Қонақтарға сый ретінде 500 бұхар шапаны әкелінген. Ас бергенде 5 тонна шай пайдаланылып, Ташкент пен Қазаннан жап-жаңа ыдыс-аяқтар алынды. Бұдан басқа 10 мың көрпе-жастық жазылып, дайындалды. Сібірден 500-ден астам бағалы аң терісі жеткізілді. Құрбандыққа 20 мың қой, 100 жылқы шалынды. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Сағынайдың асына жұмсалған шығынның атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болғандығы жазылады.

Нұрмағанбет «Алаш» партиясының көшбасшылары болған Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтарға қазақ халқын біріктіру мақсатында қаржылай көмек көрсеткен. Бұл жайында Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылған.

Басқа материалдар

Back to top button