Жамбыл облысы

АБДОЛЛА ИШАН МЕШІТІ (ХХ ғ)

Орналасқан жері: Талас ауданы, Үшарал ауылының орталығында орналасқан. Мешіттің құрылыстық жобасы төртбұрышты, күйдірілген кесектен өрілген, төбесі көп күмбезді: орталық зал үлкен күмбезбен, қалған бөлмелер мен жанындағы үш айван кішілеу келген 15 күмбезбен жабылған. Айваның сыртқы қапталдары аркалы күмбездер түрінде асқан шеберлікпен өрілген. Негізгі орталық бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында михраб қуысы мен эпиграфиялық мәнерде жазылған жазудың іздері болған.

Деректерге қарағанда Абдолла-Ишан Саиди (1836-1914) жергілікті өңірде діндар Саитбаттал-хазрат отбасында дүниеге келген. Ол 9 жасқа келгенде ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Нағашы атасының тәрбиесінде болып, медреседе тәлім алған. 1853 жылы генерал Перовскінің әскерінде борышын өтеп, Сырдария жорығына қатысады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Абдолла білімін жетілдіру мақсатында Бұхара, Хорезм, Стамбулда болады. Бұхарда өмір сүрген кезеңінде шәкірттерді оқытатын медресе ашып, жібек өңдеумен айналысады. Абдолла Саиди шығыс елдерінің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, мұсылмандық ілімді жетік меңгерген. Араб, парсы тілдерінде өлең жазып, ұстаз және сөзге шешен ділмар ретінде көпшілікке атағы жайылған. Қазақ арасында кең тараған сопылық бағытты ұстанып, осы ілімді жалғастырушы болған. Абдолла Ишанның артынан еріп, оларды қолдаған ізбасарлары көп болған. ХIХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында  жергілікті жерлерде арнайы медреседе білім алған адамдарға арналған мешіттер соғылған. Оларды құрметтеген ауыл-аудан тұрғындары мешіттің ашылу салтанатына  арнайы шақырып отыратын болған.

Абдолла Ишан шет елде отыз жылдай болып, екі рет қажылыққа барған. 1870 ж. өзінің ауылы Муллакка келіп жерлестерінің өтінішімен медресе ашып, өз өмірін тақуалыққа арнайды. Ел арасында Абдолла Ишан мешіті соның құрметіне салынған делінеді. Бүгінде мешіт ауыл тұрғындарының мінәжат ететін орны ретінде қызмет жасауда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button