Жамбыл облысы

АҚКЕСЕНЕ БЕКІНІС (Х-ХІІ ғғ)

Орналасқан жері: Талас ауданы, Бидалы ауылынан 14 шақырым солтүстікте, Үшарал ауылынан 27 шақырым солтүстіктегі құмды жазықтықта, Қалмақарық деп аталатын ескі арнаның оң жағасында орналасқан.

Бекініс – Х-ХVІІ ғғ. жататын археологиялық ескерткіш. Ескерткішті 1896 жылы В.А. Каллаур тізімге алып, 1945, 1949 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 1980 жылы «Қазжобалауқайта жаңғырту» институты, 1983 жылы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық тобы (жетекшісі М. Елеуов) зерттеулер жүргізген. Бекіністі 2006-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша РМК «Қазжобалауқайтажаңғырту» институтының Тараз филиалы қайта қалпына келтірді.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бекініс табиғи жерге іргетассыз тұрғызылғандығы анықталды. Құрылысы шаршы тәрізді, бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған, бұрыштарында мұнаралары бар. Ескерткіштің жалпы көлемі 22 х 21 м.

Ақ кесене деп аталып кеткен шығыс бұрышындағы саз кірпіштен тұрғызылған, жоғары қарай бірте-бірте жіңішкеріп көтерілген (конус тәрізді) дөңгелек мұнарасы бар. Мұнара түбінің диаметрі 11 м, биіктігі 14 м; ішінде жоғары қарай көтерілетін айналма баспалдақ сақталған.

Үлкен мұнараны қоршай орналасқан пахсадан салынған қамалды құрылысы бар. Бекініс шамамен Х-ХІV ғғ. салынған, мұнара ХVІІ ғ. дейін қолданыста болған. Археологиялық қазба жұмыстары барысында қыш ыдыстардың (құм құмыра) сынықтары кездескен.

Ортағасырларда мұндай жазық жерде жаудан қорғану үшін биік мұнара мен бекініс салынатындығы тарихтан белгілі. Ақкесене мұнарасының да саты арқылы көтеріліп, жоғарыдан алыстағы жолаушы немесе жауды көріп, хабарды дер кезінде жеткізуге мүмкіндігі болған.

Ақ кесене жайында халық арасында сақталған бірнеше аңыз-әңгімелер де кездеседі. Бір аңызда Бетпақтан өтіп, ауыр жол азабын тартып келген керуенбасының: «Шөлді жазықта жолаушыларға бағдар болатын белгі керек»  деген өтініші бойынша Қарахан тараздық шеберге салдырған деседі. Келесі бір аңызда Кіші Орданың билеушісі Әбілхайыр Талас өлкесінде Көк кесененің түбінде қалмақтың Өз-Темір тайшысынан жеңіліп Сыр бойына шегінеді. Ақ ханның нақсүйері үшін соғылған Көк кесененің қасынан Ұса мен Зеренг тайшылар Ақ кесенені соқтырып осы жерді жайламақ ниет білдірген. 1465 жылы Жәнібек пен Керей бастаған қазақ рулары Шу мен Мойынқұмға келіп мемлекет құрып, шекаралық аумағын кеңейту барысында батысқа қарай жылжыған кезде Ұса мен Зеренг Көк кесене мен Ақ кесенені тастап қашып кеткен делінеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button