Жамбыл облысы

БАБАДЖА ХАТУН КЕСЕНЕСІ (X-XI ғғ.)

Орналасқан жері: Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жердегі Айша бибі ауылында орналасқан. Орта ғасырларда қазақ жерінде сәулетті құрылыстар салу ісі белең алды. Біртіндеп құрылыс салудың үлгілері дамып, сәулет ескерткіштері көбейіп, үнемі жаңарып отырды. Соның бірі – Бабаджа хатун кесенесі. Айша бибі кесенесімен бірге мемориалды-культтік кешеннің құрамына кіреді. Кесене республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген. Сәулеттік-құрылымдық сараптамалардың нәтижесіне қарағанда құрылыс қарахандар дәуірінің ерте кезеңіне жатады және Х-ХІ ғғ. мерзімделеді.

Қазақстандағы сәулет өнерінің ең көне ескерткіштерінің бірі болып саналатын бұл кесене ұзақ жылдар бойы сақталып келген құрылыс сапасымен ерекшеленеді. Ол – Орта Азия аймағының сәулет өнеріндегі порталды үлгіде салынған алғашқы кесенелердің бірі. Сонымен қатар қабырғасы шаршы келіп, күйдірілген қызыл кесектен өрілген және төбесі 16 қырлы шатыр тәріздес күмбез етіп жабылған ерекше бір құрылыс үлгісі болып табылады. Шатырлы, қабырғалы жабуы ортағасырлық сәулет өнері мен қазіргі заманғы кесенелердің еш бірінде жоқ.

Ғалым Э.М. Бәйтеновтің пікірінше, Бабаджа хатун кесенесі Ұлы далада кездесетін шатырлы күмбезді нысандардың ең алғашқысы болуы ықтимал. Тіпті, сәулет өнерінің тарихындағы он алты қанатты күмбезі бар ең бірінші кесене болуы да ғажап емес

Кесененің қасбетінде: «Бұл Бабаджа хатун қабірі… Оны салушы…» деген жазулар сақталған. Кесенені соққан шебердің аты-жөні сақталмаған.

Кесененің тарихы Айша бибі кесенесінің салынуы туралы аңызбен тікелей байланысты. Аңыз бойынша Тараз әміршісі Қарахан әрі сұлу, әрі ақылды Айшамен бас қоспақшы болады. Тараз қаласына келе жатқан жолдағы Аса өзенінің жағалауында Айша аруды жылан шағып қаза табады. Қайғырған Қарахан арудың басына ерекше сәулетті кесене тұрғызды. Айша бибінің күтушісі Бабаджа хатун сол кесененің басында өмір бойы шырақшы болып қалады. Қайтыс болғаннан кейін Айша бибіден 20 қадам жерге жерленіп, басына кесене тұрғызылады. Осы күнге дейін қасиетті орын ретінде халық санасында сақталып, осы өңірге жолы түскен жолаушының соқпай өтпейтін, жергілікті халықтың жиі келіп тәу ететін киелі мекеніне айналған.

Мұндағы екі кесене де тек зиярат ету орны емес, сонымен бірге мұсылман әлемінің қасиетті орындары болып табылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button