Жамбыл облысы

БАЙЗАҚ БАТЫР КЕСЕНЕСІ (2000 ж.

Орналасқан жері: Байзақ ауданы, Дихан және Сарыкемер ауылдық округтерінің шекарасындағы төбенің басында, Талас өзенінің оң жағалауында, ауылдың солтүстік шығысында 4 шақырым жерде орналасқан. Байзақ датқаның сүйегі «Байзақ сүресі» деген жердегі ежелгі оба үстіне жерленіп, қабіріне кесектен кесене тұрғызылған. Кесене ХХ ғ. басына қарай толығымен қираған. Оның орнында 2000 жылы монолитті бетоннан жергілікті дәстүрлі ғұрыптық сәулет өнеріне тән кесене соғылды.

Кесене алты қырлы болып, ашық түсті күйдірілген кесектен өрілген. Үсті биік барабанды, сфералы, бір күмбезді, орталық композициялы болып, метал құрылым арқылы жабылған. Сыртқы қасбетінде кесенеден жіңішкелеу келген аркалы кіреберіс қақпасы бар. Кесенеде биіктігі 0,9 м құлпытас пен мәрмәр тақта орнатылған. Құлпытас ескі қабірдің кірпіштерінен қаланған.

Байзақ Мәмбетұлы – батыр, би, қазақ халқының қоқан әміршілеріне қарсы күрестің белсенді мүшесі. 1789 жылы Тараз маңында Абылайханның сенімді серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құндасұлы батырдың отбасында дүниеге келген. Байзақ жас кезінен ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен дарынының арқасында ел жұрты мен руластары арасында жоғары беделге ие болған. Қоқан үкіметі тарапынан да құрметке ие болып, оған салық төлеуден босатуға құқық беретін құрметті «датқа» атағын берген.

Байзақ батыр көшпелі малшылар арасында отырықшылық пен суармалы егіншілікті игеру үдерістерін жүзеге асыруды ұйымдастырушы ретінде де белгілі. 1860 жылы Байзақ датқа Қоқан әскерлерімен бірге генерал Г.А. Колпаковский бастаған орыс әскерлерімен болған Ұзынағаш ұрысына қатысқан, кейін туған жеріне оралып, қоқандықтармен тығыз байланыста қызмет атқарады.

Қоқан үкіметінің жергілікті көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол 1864 жылы жазда Әулиеата маңына орналасқан орыс әскерлеріне баласы Ақмолда арқылы қоқандықтарға қарсы күресте бірігуге ұсыныс жеткізді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқан билеушісі молда Әлімқұл Байзақты ұстап Ташкентке алып келуін бұйырды. 1864 жылы тамызда Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқаны тірідей зеңбіректің аузына байлап, атып өлтіреді.

Ел арасында батырдың есімі мен ерлігі дәріптеліп, өнегелі өмірі кеңінен насихатталуда. Батырдың басына орнатылған кесене қасиетті орынға, көпшілік мінәжат ететін нысанның біріне айналған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button