Жамбыл облысы

БАРКУАБ ҚАЛАШЫҒЫ (VIII-XIII ғғ.)

Орналасқан жері: Жуалы ауданының, Теріс ауылынан 800 м шығыста, Бақалы (Қызылдихан) ауылынан 300 м солтүстік-батыста, Теріс өзенінің оң жағалауынан 230 м жердегі биік террассада орналасқан. Қалашықты XIX ғ. В.В. Бартольд және В.А. Каллаур зерттеген. 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктінің (жетекшісі Г.И. Пацевич) экспедициясы қалашықтың бірнеше бөліктерінде археологиялық барлау қазбаларын жүргізді. 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2000 ж. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының археологиялық экспедициясы (К. Байпақов,
Д.А. Лобас) ескерткішті есепке алу жұмыстарымен айналысты. 2013 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС-нің экспедициясы ескерткішті қайта зерттеп, тарихи-топографиялық жобасын түсірді. 2018 жылғы 24 маусымнан бастап «Қазгеоархеология» ЖШС-і қалашықта археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады.

Баркуаб қалашығы бірқатар тарихшылар мен саяхатшылардың еңбектерінде аталған. Ә. Байбатша Түркібасы өлкесі мен Теріс өзенінің бойына орналасқан қалалар мен бекеттер Мыңбұлақ (Абарджадж) қорған-қаласы арқылы жүріп, Шақпақ белінен асып, Арыс өзенін жағалап, Ұлы Жібек жолының негізгі желісімен өткендігін жазған.

Қалашық туралы 846-847 жж. араб географы Убейдаллах ибн Хордадбек,
X ғ. басында Кудама ибн Жафар, 985 ж. әл-Макдиси жазып кеткен болатын. Бұл ортағасырлық қалажұрттары қатар жатқан үш төбешіктен тұрады.

Тарихшы Д.Д. Байдалиев қалашықтың «Баркубе» аталуы сол жердегі Теріс өзенінің шығысқа қарай кері бағытта ағуымен байланысты болғандығын жазған. Бекініс орны жаудың шабуылынан қорғану үшін шығыс жағы өзеннің жарқабағына тіреліп, қалған жақтары биік күшті дуалдармен қоршалған.

Қазба жұмыстары кезінде кірпіштен қаланған үйдің қабырғасы, оның ішінде әр түрлі ыдыстардың калдықтары табылды. Сондай-ақ осында мекендеген адамдардың егіншілікпен және балық аулаумен айналысқандығын дәлелдейтін көптеген кұнды деректер белгілі болды. Бұл аталған қала орындары әлі күнге дейін түбегейлі зерттелмеген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button