Жамбыл облысы

БЕРІКҚАРА ҚОРЫМЫ (ІІ-V ғғ.)

Орналасқан жері: Жуалы ауданы, Ә. Жүргенұлы ауылының оңтүстік шетінде, Қаратау жотасының солтүстік бөктеріндегі жазықта, Берікқара өзенінің қос жағалауына жайыла орналасқан. Ескерткіш Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енген.

Қорым Қаратаудың теріскей беткейіндегі Берікқара шатқалынан Билікөл көлінің жағалауына дейін 3,5 шақырымға созылып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан обалар тобынан тұрады. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған. Қорымның орталық бөлігінде құрылысы ерекше «патша» обалары шоғырланған. Ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50-53 м, биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді. Обалардың құрылысы әр түрлі, көпшілігі тас үйінді, тас пен топырақ аралас немесе айналдыра таспен қоршалып, ортасына топырақ үйілген обалар да кездеседі. Обалардың айналасында ғұрыптық дәстүрлерді орындауға арналған қоршаулар мен құрылыстың іздері байқалады.

Қорымға 1938 жылдан бастап түрлі деңгейдегі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қыш құмыра, алтын, қола және мыстан жасалған әр түрлі бұйымдар, сырғалар, салпыншақтар, аузына құс тістеген жолбарыстың басы түріндегі қола айылбас, темір пышақ, жебенің екі және үш қалақты ұштары, қылыштың сабы сияқты құнды жәдігерлер табылған. Табылған заттай деректер және оған қоса жерлеу рәсімінің ерекшеліктеріне байланысты материалдар ескерткіштің II-V ғғ. жататындығын айғақтайды, яғни Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптаса бастаған Сақ заманынан бастап түркі дәуіріне дейінгі аралықты қамтиды.

Сақ дәуірінен бастап ортағасырларға дейін ел басқарған патшалар мен батыр тұлғалардың мәртебесін ұлықтаудың айрықша дәстүрі болған. Қайтыс болған билеушіге немесе оның туыстарына, жақын адамдарына арнап патшалық обадан ескерткіш орнатқан. Берікқара қорымы да осы мәнге негізделіп тұрғызылған. Көне дәуірлерден бастап мұндай қорымдар бар жерлер «өлілер мекені» аталып, қасиетті саналған. Ол жерлерде түрлі ғұрыптық дәстүрлер өткізіліп, құрбандық шалынған. Артында қалған ұрпағы өмірден өткен ата-бабаларының рухына құрмет көрсетіп, тағзым ету дәстүрі әлі күнге дейін қазақ халқының таным-түсінігіне берік орнығып, жалғасын үзбеген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button