Жамбыл облысы

БОТБАЙ БАБА КЕСЕНЕСІ (2014 ж.)

Орналасқан жері: Меркі ауданы, Меркі ауылының оңтүстігіне қарай 5 шақырым жерде орналасқан.

Құрылыстың көлемі 6 х 6 м, жалпы биіктігі 12,5 м. Ескерткіш күйдірілген кесектен өріліп, іргетасы мәрмәр таспен қапталған. Ескерткіш кесене 2014 жылы батырдың құрметіне арнап орнатылған.

Еңселі ескерткіштің көк тіреген үшбұрышты белгісі ұлт болып ұйысқан үш рулы елдің бірлігі мен өрлігін білдіреді. Биік тұрған шаңырағы мен қос қапталындағы арыстан бейнелері де батырдың ерлік рухын бейнелейді.

Бүгінде зәулім кесене осы өңірдегі жергілікті халық зиярат жасайтын қасиетті мекен және саяхатшылар жиі тоқтайтын тарихи орынға айналған.

Туған ел мен жердің тағдыры үшін арпалысып, өмірі ат үстінде өткен Ботбай Дулатұлы өз заманында ержүрек батыр, ақыл-парасаты мол, өжет, ірі тұлғалы кісі болған.

Тарихи деректерде әкесі Дулат төрт баласының мінезі мен білімін, алғырлығын бағамдап, Ботбайды жауды жасқантып, ерлігі сыналатын жерлерге арнайы жібереді екен. Ел ішіндегі аңыздарға қарағанда Дулат баласы Ботбайдың ерлігіне: «Ботбайым, жайнайсың-ау оттайын. Батырлығың дұрыс-ау, қажетті жеріңде ақылға келсең, ұрыс-керіске бой бермейсің», – деп сүйсінген.

Ботбай батырлығымен қатар Іле, Шу, Аспара, Меркі, Құлан, Тараз, Сайрам, Сауран өлкелерінің ұлысбегі болып, ел басқару ісіне де араласқан. Ел билеген тұсында қарамағындағы халқына қамқорлығымен, дау-дамайда тең төрелік айта білген әділдігімен, сөзге шешендігімен көпшіліктің құрметіне бөленген. Заманында Бұқарадан құрал-сайман әкеліп халықты жер өңдеп, егін егуге бастаған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button