Жамбыл облысы

ЕРЛІК» МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ (2018 ж.)

Орналасқан жері: Тараз қаласындағы І.Жансүгіров көшесінің бойында, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан. Мемориалды кешеннің кіреберісіне мәрмәрдан сәні мен салтанаты жарасқан екі аркалы арнайы қақпа орнатылған. «Ерлік» мемориалдық кешені осы қақпадан басталады. «Ерлік» мемориалдық кешені – саябақтың ажарын ашқан ажырамас бір бөлігі. Кешенге кіреберісте «1941-1945» деген жазу жазылған. Соғыс жылдарын суреттеген жазулар биіктігі 50 сантиметрлік танкке қарсы темірден жасалған қалқанға жазылған. Ені – 4 м. 20 мм гранит плиталардан жасалған. Түбі монолит бетонмен бекемделген. Мұндағы әр сәулеттік ескерткіш асқан шеберлік­пен, дәлдікпен һәм ыждаһаттылықпен жоспарланған. Бірін-бірі толық­тырып тұратындай үйлесім тапқан. Бұған дейін қаланың әр бұрышында шашы­раңқы орналасқан Жеңіс символдары бір кешенге тоғысты.

Сол ескерткіштердің бірі отты жылдар шежіресінің басты көрінісі – «Мәңгілік алау» кешенінің қақ ортасынан орын алды. Енді бұл алаң батырлардың ұрпақтары жиі келіп, тағзым етіп, гүл шоғын қойып, еске алатын орынға айналды.

Кешенді аралаған сайын сәулеттік композиция шарықтау шегіне шыға береді. «Ерлік» мемориалды кешенінің басты символы – саябақтың қақ ортасында орналасқан батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші. Жауынгерлердің рухани тірегіне айналған даңқты жерлесіміз Б. Момышұлының еңселі тас мүсіні биік тұғырға қойылған.

Ескерткіштің қос қанатында екі бөліктен тұратын «Батырлар аллеясы» қапталдаса орналасқан. Монументтің қабырғалары сәл майыса иіліп, алтын түстей ерекше көрініс беріп тұр. Ал қабырғалардың ортасы «Қызыл жұлдыз» ордені пішінінде Кеңес Одағы Батырларына берілген. Биіктігі жерден санағанда 3 м. Көлденеңі 5 м. асады. Әр бағананың ортасына батырлардың есімдері қашалып жазылған. Жан-жағында майдангерлердің есімдері қашалып жазылған мәрмәр қабырғалар бар. Жамбыл облысынан майданға аттанған 100 мыңнан аса жауынгердің есімдері жазылған.

Бұған дейін 60 мыңдай ғана жауынгердің есімі белгілі болса, облыстық әкімдіктің арнайы комиссиясы майдангерлердің бүгінгі ұрпақтарына хабар беріп, қайта жинақтау жұмыстарын жасады. Нәтижесінде, 6 колоннаға 105 мыңнан аса азаматтың аты-жөні жазылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button