Жамбыл облысы

ЖАЙСАН ТҮРКІ ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕНІ (VІ-VІІІ ғғ.)

Орналасқан жері: Еуразия даласы –түркі халықтары ту тігіп, мемлекет құрып, өркениет қалыптастырған алып кеңістік. Бұл далада сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, сянби, тоба, жужан сияқты этносаяси одақтар мен бірлестіктер ретінде құрылған Ұлы Түркі елі VІ-VІІІ ғғ. дейінгі аралықта салтанатты империя құрады. Ұлан-ғайыр аумақта мемлекет құрған Түркілер елінің өзіндік өркениеті мен мәдениеті қалыптасты. Түркі дәуірінен қалған көне тас мүсіндер мен ғұрыптық кешендер, жерлеу орындары мен жартас беттеріндегі суреттер соның дәлелі.

Шу өңірінде орналасқан Жайсан түркі ғұрыптық кешені – осы аталған ескерткіш нысандарының бірегей үлгісі. Кешен Шу ауданындағы Д. Қонаев ауылынан солтүстік бағытта 16-40 шақырым қашықтықта, Кіндіктас тауының солтүстік баурайындағы қыратты алқапта орналасқан. 2010 жылы облыстың жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

Осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми-зерттеулер нәтижесінде 37 ғұрыптық-мемориалды кешендер ашылған. Əрбір кешеннің құрамында ондаған жерлеу орындары мен тас мүсінді ғұрыптық құрылыстар, жартас беттеріне салынған суреттер мен рулық таңбалар бар. Кейбір таңбаларды он оқ будун, түркеш тайпаларының орналасқан жерін анықтайтын белгілеріне жатқызуға болады.

Ғұрыптық қоршауларда ер адаммен қатар әйел мүсіні де қойылған. Мұндай жайттар – түркі дәуірінің ескерткіштерінде өте сирек кездесетін құбылыс. Бұның өзі батыс және шығыс болып екіге бөлінген қағанаттың тарихи-мәдени ерекшеліктерін аңғартады.

Түркі халықтарының қаған-бекзадалары мен аруақты ата-бабаларының құрметіне арнап кешендер орнату, басына келіп тәу ету, көк тәңірден тілек тілеу – салтанатты түрде орындалатын ерекше дәстүрлерінің бірі. Жайсан жеріндегі түркі дәуірінің ескерткіштерінде сол кезеңде өмір сүрген ата-баба-ларымыздың тірі жады, бейбіт тұрмысы, құбылмалы болмысы бейнеленген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button