Жамбыл облысы

КЕНЕСАРЫ ХАН МЕМОРИАЛЫ (2006 ж.)

Орналасқан жері: Қордай ауданы, Қаракемер ауылының оңтүстік-шығысында 14 шақырым, Қаракемер-Қарасай батыр тас жолының сол жақ бетінде, жолдан 30 м жерде орналасқан.

Ескерткіш 2006 ж. Кенесары ханның мерт болған жеріне және майдандас батырларына арнап орнатылған. Мемориал алаңына биік төбені қоршай, ортасына көлемі 2 х 4 м, биікітігі 6 м бетоннан құйылып қызыл мәрмәр тақталармен қапталған ескерткіш тақта орнатылған. Ескерткіштің айналасында Кенесары ханның опат болған сарбаздарының есімдері мен қазақ руларынан естелік жазылған ескерткіш тастар қойылған.

Төре тұқымы Кенесары 1802 ж. дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел баласы, Абылай ханның туған немересі. Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнап, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты ерекше еді.

1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында хан болып сайланғаннан кейін Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. бастап Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорықтар ұйымдастырды. Әскери қуаты басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. 1847 ж.  қырғыз манаптары мен орыс отряды және Қоқан әскерлері Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауындағы «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған қаһармандық шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі. Ол елінің жадында ерлік пен өрліктің, теңдік пен тектіліктің ескерткішін орнатып кетті.

Басқа материалдар

Back to top button