Жамбыл облысы

ҚАРАҚОЖА МЕШІТІ (XX ғ. басы.)

Орналасқан жері: Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек елді мекенінен 1 шақырым солтүстік-шығыстағы тегіс жазықта орналасқан. Мешіт құрылысына 1945 ж. бастап арнайы мамандар тарапынан ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Мешіт 1909 ж. салынып, ХІХ ғ. Шу-Талас өңірінің сәулеттік құрылыс үлгісінде безендендірілген. Құрылысы төртбұрышты, күйдірілген кесектен өрілген. Шығыс қапталы аркалы айва, үсті бірдей көлемдегі тоғыз күмбезбен көркемделіп жабылған. Тек залдың михраб қуысы орналасқан тұсының күмбезі біршама биіктеу. Бұл діни құрылыстың көлемді жобадағы маңыздылығын ерекше көрсетіп тұр. Биік емес қасбеті қыш кірпішпен қаланып, сыланған. Орталық михрабта жұмыстың хиджра жыл санауы бойынша 1327 жылы орындалғандығы жазылған.

Заманында Қарақожа мешітін салуға Жұпан ана ықпал еткен. Жұпан ана текті әулетке келін болып, бата дарыған, жұбайынан жастай жесір қалса да қайсарлық танытып, осы тарихи нысанды тұрғызуға басшылық жасайды. Әуелі Тәшкенге барып, сол жерден ұста-шеберлер әкеліп осы мешітті салдырады. Мешіт құрылысы аяқталған соң он төрт жасар Қарақожаны сол жерге имам етіп тағайындайды. Мешітті салдыру барысында сол маңдағы халықты да сауапты іске жұмылдырған. Қарақожа мешіті қазақ даласындағы Ұлы Отан соғысына дейін елге қызмет еткен, имандылыққа тәрбиелейтін киелі орындардың бірі болған.

Бүгінгі күні Талас өңіріндегі ең көрікті сәулет ескерткіштерінің санатында. Мешіт – Бөлтірік шешен мемориалымен қатарлас орналасқан бір кешенді құрайтын, көпшіліктің жиі келіп тәу ететін қасиетті орындардың бірі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button