Жамбыл облысы

«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ» МОНУМЕНТІ (2015 ж.)

Орналасқан жері: Тараз қаласының батыс қақпасынан кірер жолдың бойында алыстан мұнартып көз тартатын еңселі ескерткіштің бірі. Ескерткіш – Тәуке хан көшесінің бойындағы қаланың ең көрікті алаңдарының біріне, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып салынған монумент. Мүсіндік композиция ақ мәрмәрден жасалған 27 м. стелла және оның екі жағында Керей хан мен Жәнібек хан тақта отыр. Керейдің қолында қағаз бен қалам бар. Ол хандықтың алғаш осы өңірде құрылғандығы туралы Жарлық етіп жатқанын білдіреді. Ал, Жәнібектің қолындағы найзасы мен тізесіне қойған қылышы әрі жас, өзі хас батырдың қажыр-қайратын, ерік-жігерін сомдайды.

Қазақ хандығының қашан, қай жерде құрылғандығы жөнінде нақты дерек беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Дешті Қыпшақты билеген Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған қазақ халқы Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныс тепкендігі баяндалады.

XV ғ. алпысыншы жылдары қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVIІI ғғ. Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Бір шеті Орта Азиямен, енді бір шеті Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен байланыстар орнатты. Осы тұста ел билеген Қасым, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың барлық арман-тілектері мен амал-әрекеттері қазақ жұртының бірлігін нығайту, халқының бейбіт өмірі мен тыныштығын баянды етуге бағытталды.

Керей мен Жәнібектен бергі иісі қазақ хандарының бәрі тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатын қуатты мемлекет құруды армандады. Қазақтың кеудесіндегі үміт оты бірде лаулап, бірде өшудің аз алдында тұрса да сөнбеді. Әр қазақ қасық қаны қалғанша арпалысты, тәуелсіздіктің туын құлатпауға тырысты. Ақыры Алаш жұрты азат ел болып, өркениет көшінен өз орнын алды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button