Жамбыл облысы

ҚҰЛАН ҚАЛАШЫҒЫ (VІ-ХІІІ ғғ.)

Орналасқан жері: Т. Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан.

Ерте ортағасырларда Ұлы Жібек жолының cолтүстік бағытының Қазақстан арқылы өткен тармақтарының бойында сәулеті мен дәулеті келіскен қалалар қалыптаса бастады. Солардың ішіндегі маңызы ерекше ескерткіштердің бірі –ортағасырлық Құлан қалашығы. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілген.

Құлан қалашығы жайлы жазба деректер VII ғ. бастап кездеседі. 629-630- жылдары Ұлы Жібек жолы бойымен Шу, Талас өңірлері арқылы жүріп өткен қытай діндары Сюань-Цзян өзі көрген ерте ортағасырлық қалалар туралы құнды мәліметтер жазып қалдырған.

Ол Шу өңірінде орналасқан қалалар жайлы: «Суябтың тура батыс жағында бірнеше ондаған жекелеген қалалар орналасқан және әрқайсысының өз ел ағалары бар. Олар бір-бірінен тәуелсіз болғанымен, барлығы түріктерге бағынады» дейді. Ал, Құлан өңіріне қатысты: «Оңтүстік жиегі таулы, қалған үш жағы жазық дала. Бұл араның жері ылғалды, орманы қалың, ал түрлі-түсті гүлдері көктемгі мезгілде өрнекті жібекке ұқсайды. Бұл жерде мыңдаған бұлақтар мен өзендер ағады, мекеннің атауы да соған байланысты. Түрік қағаны жаздың ыстығында осы жерге келіп паналайды. Онда құландардың табыны жүреді, мойындарына қоңыраулы әшекейлер байланған. Олар адамға үйренген…» деп сипаттайды. Бәлкім қаланың Құлан аталуының бір себебі де осыған байланысы болса керек.

Араб географы Абдоллах Хордатбектің «Жолдар мен мемлекеттер» деген еңбегінде Құланды Ұлы Жібек жолы мен Талас, Шу өңірлері арқылы өткен керуен жолдың бойында орналасқан сәулетті қалалардың бірі ретінде атап көрсетеді. Кудама ибн Джафардың «Салық туралы кітап» деп аталатын еңбегінде Тараз бен Құланның солтүстік жағын алып жатқан құмды алқап, ал оның арғы жағында шөлді дала қимақтар шекарасына дейін созылатындығын мәлімдейді.

Әйгілі араб географы әл-Мукаддасидің «Тұтас өңірдің бөлімшелерге бөлінуі» деп аталатын шығармасында Құлан үлкен Тараздың жолында орналасқан бекіністі қала екендігін, онда мінәжат ететін мешіттер барын баяндайды.

Якуту ал-Хамавидің «Муджам ал-булдан» атты географиялық сөздігінде Құланға: «Құлан – түрік елінің Мәуераннахр тарабындағы шекара­сында орналасқан әдемі қала» деп сипаттама берген.

Құлан қалашығына ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғ. бастау алып, әлі күнге дейін жалғасуда. Зерттеулер нәтижесінде Құлан жергілікті түріктерге тиесілі сәулетті сарайлары бар мәдени орталық қалалардың бірі болғандығы анықталып отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button