Жамбыл облысы

ҚҰРАЛАЙ СҰЛУ КЕСЕНЕСІ (ХVІІІ-ХІХ ғғ.)

Орналасқан жері: Мойынқұм ауданы, Кіші қамқалы ауылы маңындағы көлдің жағасында салынып, шикі кірпіштен өрілген сәулет ескерткішінің ерекше бір туындысы. Ескі құрылыс толығымен қирап, 2014 ж. қайта қалпына келтірілген.

Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында сұлулық жайлы қалыптасқан өзіне тән өлшемі бар. Ол өлшем өзіндік ұлылықпен қатар, жан-дүние болмысымен біте қайнасқан қалпы ежелден еріп келеді. Бұндай құндылық туралы ғасырлар қойнауынан бастау алатын эпостық жырлар, қисса-дастандар мен аңыздарда баяндалады. Осындай аңыз-дастандарға арқау болған қазақ қоғамындағы сұлулықтың символына айналған  – Құралай сұлу.

Деректерге қарағанда Құралай сұлудың қысқа ғұмыры Мойынқұм өңірінде өткен көрінеді. Аңыз бойынша аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, он үш жасар Келденді тұтқынға түсіреді. Ол қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай атты сұлу қызы болған. Оның сұлулығы, мейірімділігі мен ақылдылығы күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен. Бірде Құралай сұлу батырға анасының қазақ қызы екенін, он бес жасында қалмақ қолына түсіп, шерменде халде дүние салғанын айтып ретін тауып босатады. Келден батыр мен Құралай сұлу өз еліне қашып келе жатқан жолда дамылдап алмақ болады. Кенет батыр суға түсуге кеткен Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Осы жерге Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп кесене тұрғызады.

Қазақтың халық ақыны Иса Байзақов тарихи деректерді жинап «Құралай сұлу» поэмасын жазған. Шығармада қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспес дау арқылы адамгершіліктің ақ жолын насихаттайды. Құралай бейнесі асқақтай көрініп, көркемдік көкжиегімен көпті таңдандырады.

Басқа материалдар

Back to top button