Жамбыл облысы

ҚЫРБАС КЕСЕНЕСІ (XX ғ. басы)

Орналасқан жері: Мойынқұм ауданы, Қызылотау (Амангелді) ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жерде, қалың сексеуіл өскен тегісте орналасқан.

Кесене ғылыми әдебиеттерде кездеспегенімен, 2012 ж. «Археологиялық сараптама» ЖШС экспедициясы зерттеген болатын. Кесененің қабырғалары үш қабатты, шикі кірпіштен қаланып, сырты және ішкі жағы күйдірілген кірпішпен қапталған қос күмбезді мазардан тұрады. Үлкен күмбездің үстіңгі жағы және бұрыш мұнаралары езілген. Күмбездің жақтауына күйдірілген ірі мөлшерлі трапеция формалы кірпіш пайдаланылған. Күмбездері ретсіз қалау техникасымен қаланған, барабандарға жарықтық саңылаулар қалдырылған. Қабырғалары балшықпен сыланып, әктелген. Екі камераның да күмбез асты кеңістігінде өсімдік өрнектерімен әшекейленген. Суреттердің негізгі түстері ашық көк, қара сары және сүтті ақ. Қабыр едені күйген кірпіштен төселген.

Ел аузындағы деректерге қарағанда Күлетұлы Қырбас қажылықтан келісімен 17 жастағы ұлы Зәйнәбіл қайтыс болады. Содан кейін өзінің отбасы түгел жататын 2 бөлмелі, төрт мұнарасы бар кесенені 1902 ж. соғып бітіреді. Күмбезді соғуға Құсмолда деген шеберді Ташкент қаласынан алдырады. Шебер сол ауыл жанынан шеберхана ашып, қой-ешкі жүндерін қоса отырып, сапасы жағынан жоғары әрі төзімді кірпіш күйдіріп дайындаған. Күмбездің 2 бөлмесінде де арабша құран сүрелері жазылып, бояулары жарқырап тұрған.

Күмбездің төргі бөлмесінде Зейнәбіл, Қырбас, әйелі Бибіш, ал ауызғы бөлмеде Мәдіхан деген ұлы жатыр. Ал жалпы қоршау ішінде Мәдіханның әйелі Жәмила, қызы Күлхадиша, Зейнәбілдің қызы Айша және әйелі, Мәдіханның ұлы Зарлыхан, Зарлыханның ұлы Марат, қызы Нұргүл жерленген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button