Жамбыл облысы

ҚЫЗ ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ (ХІХ ғ.)

Орналасқан жері: Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылынан батысқа қарай 500 м жерде, Аса-Жұма тас жолының бойында орналасқан. Осы уақытқа дейін аталмыш кесенеге арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Жеті бұрышты кесененің қабырғасы ақ кірпішпен қаланған, биіктігі 2,5 м құрайды.

Ұлы Жібек жолының бойында стратегиялық жағынан маңызды орталықтардың бірі Тараз қаласы мен оның айналасында орналасқан шағын қалашықтары болған. Әсіресе ІХ-ХІІ ғғ. Тараз өңірі өркені өскен аймаққа айналған. Қарахандықтар билік жүргізген заманда Тараз қаласының маңайында көптеген кіші қалалар болды. Солардың қатарында Тараздың батысында 30 шақырым жерде Дех-Нуджекес, Адахкент қалалары болған. Олардың үйінділері бүгінгі күнге дейін сақталған. Қыз әулие кесенесі осы Адахкент қаласы шахристанының аумағында орналасқан.

Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша ертеректе ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріп, «Қыз әулиенің» басына жеті бұрышы бар кесене салдырған екен.

Ертеде сайдың тасындай батыр ағайынды жеті жігіт болыпты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қапыда қолға түскен жеті жігітті жау сол жерде өлтірген екен. Ағайындылардың артында ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қарындасы қалады. Ол қыздың көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ағаларының өлгенін, жаудың қызды өз елдеріне әкетпекші болып жатқанын біліп, Алладан өзін тас мүсінге айналдырып, елінде қалдыруын сұраған екен. Әулие қыздың тілегі қабыл болып, тасқа айналған екен деседі. Содан бері тас мүсінді халық «Қыз әулие» деп атап кеткен.

Кесененің жеті бұрышты етіп салынуы да жеті батырға байланысты. Ағайынды жігітке деп жеті бұрышқа шырақ жағу үшін арнайы тұрғызылған. Кесененің арнайы шырақшысы бар, басына мінәжат етушілер жиі келеді.

Басқа материалдар

Back to top button