Жамбыл облысы

ҚЫЗ ӘУЛИЕ ШАТҚАЛЫ

Орналасқан жері: Жуалы ауданының батысында орналасқан Құлан тауының етегіндегі қасиетті деп саналатын орындардың бірі.

Тарихи аңыздарда Құлан тауының етегінде қасына қырық қыз көмекшілерін ерткен бір ханның қызы шатыр тігіп отырыпты және ол қыз әулие болған екен делінсе, екінші бір деректе ілгеріде осы мекенде бір көріпкел қыз өмір сүргендігі айтылады. Ол жастайынан келешекті болжайтын көріпкелдік қасиетке ие болыпты. Қызға келіп бал аштырып, оның айтқанының дәл келетініне осы маңның тұрғындары тәнті болған екен. Жаугершілік замандарда осы өңірді жайлап отырған бір байдың табын жылқысы жоғалып кетеді. Айналаны түгел шолып, ақыры амалы таусылғасын бай жылқылардың қолды болғандығын сезіп, әлгі қызға келіп бал аштырады. Сонда көріпкел қыз ұзақ ойланбастан:

  • Сіздің тілегіңізді орындайын, алайда қоятын бір шартым бар. Мен жылқыларды тауып бергеніммен өміріме сол қарақшылардан үлкен қауіп төнгелі тұр. Сондықтан да сіз менің өмірім мен қауіпсіздігімді қорғауыңыз керек, – дейді.

Тек баюды ғана ойлаған бай ойланбастан қызға келісімін береді. Жылқылары табылып, қарақшылардың қылмысы әшкере болады. Алғашында қызға берген уәдесін берік орындаған бай уақыт өте өзінің күйкі тірлігінің қамымен кетіп қыздың шарты ұмытылып кетеді. Ел-жұрттың алдында ұрлықтары әшкере болып, масқара болған қарақшылар бір ұрымтал қараңғы түнді пайдаланып қызды буындырып өлтіріп кетеді. Сол уақыттан бастап осы жер «Қыз әулие» деп аталып кеткен екен.

Жергілікті тұрғындар осы жерді киелі санап, қиыншылықтарға душар болғандары медет сұрайды, маңында өсіп тұрған қалың жынысты ағаштарын кесіп әкетпей, бұлағын бүлдіруге жол бермей қорғаштап, қасиет тұтады.

Басқа материалдар

Back to top button