Түркістан облысы

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. Басы

Созақ ауданы Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ жерінде орналасқан. Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне, мұсылмандар арасында әулие саналған. Әулиенің зиратына салынған кесене күйдірілген кірпіштен қаланған. Қасбеттік композицияға құрылған бірүйлі мазар. Төрт қырлық жұмыр мойындыққа орнатылған еңселі күмбезбен көмкерілген. Қасбеті тегіс, әшекейі жоқ, тайыз әрі сүйір қуыс жасалған ортасында кіреберісі бар, қос босағасында шағын бедерлі мұнара орналасқан. Ішкі құрылымында шаршы үйдің өзегі бойынша сүйір аркалар салынған, күмбез осы аркаларға тіреледі. Үйдің ортасына кірпіштен қаланған құлпытас орнатылған.

Кейбір аңыздарда Едіге батыр Баба түкті Шашты Әзіздің ұлы деп айтылады. Яғни, ел арасында тарап кеткен аңызда Баба түкті Шашты Әзіз су жағасында намаз оқып жатып, пері қызды жолықтырады делінеді. Кейінірек сол қызға баба үйленеді. Пері қыз оған үш шарт қояды. Бірақ Баба түкті Шашты Әзіз оны бұзғандықтан, пері қыз: «Ішімде алты айлық балаң бар. Оны мен Құмкент деген жерге тастап кетемін, іздеп тауып ал!» деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті Шашты Әзіз пері айтқан жерге келіп, құндақтаулы сәбиді тауып алады да, «Едіге» есімін береді. «Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз батырдың әкесі ретінде бейнеленеді. Ал тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіз ислам дінін уағыздаушы Ысқақ бабтың замандасы әрі досы делінген мәлімет бар.

Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» сияқты эпикалық жырларда жиі айтылады. Алтын Ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған.

 

Басқа материалдар

Back to top button