Түркістан облысы

«Бірлік» (Ордабасы тауы) монументі 1997 ж

1726 жылы Ордабасы тауында жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халық құрылтайына Әбілөайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Қазыбек би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылары мен батырлары қатысты. Жиынға қатысушылар өз қимылдарын үйлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді және елді азат ету үшін жүргізілетін шайқастардың жоспарын жасады. Осы жолғы қазақтың үш жүзінің тізе біріктіріп, бас қосқан іс-қимылдарының нәтижесінде қазақ халқы 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты – Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңіске жетті. Ордабасы тауындағы тарихи жиынды мәңгі есте сақтау мақсатында 1997 жылы орнатылған «Бірлік» монументінің ашылу салтанатына Елбасы Н. Назарбаев қатысты. Үш бұрышындағы үш ұстыны – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің асқақ тұлғаларын білдіреді. Үш бидің ұлағатты сөздері үш бетінен орын алған.

Монументтің биіктігі – 28 метр, төменгі шеңберінің диаметрі – 8 метр. Ескерткіштің үшбұрышындағы үш ұстын – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің асқақ тұлғаларын білдіреді, билердің ұлағатты сөздері ескерткіштің әр бетінен орын алған.

Монументтің ортасына бекітілген қазақтың қасиетті шаңырағы – ескерткіштің барлық жағынан бірдей ортақ көрініс тапқан, бұл – халқымызды ұлттық санаға қалыптасуға үндегендей. Шаңырақта ілінген тұмар «бірлігімізге көз тимесе екен» дегенді білдірсе, одан төменірек тербетілген шашбау-сылдырауық «Құлақтарың түрік жүрсін, ел мен жерді қорғаңдар» деген бабалардың ұрпақтарына өсиетін білдіреді.

Ескерткіштің жоғарысындағы хан қалпағының бейнесі – «Жүзге бөлінбей тұтас бір хандықтағы іргелі мемлекет болсақ» дегенді ұғындырады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button