Қызылорда облысы

БҰҚАРБАЙ БАТЫР МАЗАРЫ (1993 ж.)

ХІХ ғ. салынған. Бұқарбай батырдың кесенесі Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылынан солтүстік шығысқа қарай 21 шақырым қашықтықта орналасқан.

Бұқарбай Естекбайұлы (1812-1847) – патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны (1836-1847) қолдаған батырлардың бірі. Жалағаш ауданында дүниеге келген. Бұқарбай жас кезінде ерлік істерге жақын болып Ақмешіт бекінісі мен Райым бекінісінің арасындағы Сыр бойы халықтарын жан-жақты қыспаққа алған Хиуа, Қуаңдария-Жаңадария бойын жайлаған бейбіт елге бүйідей тиген Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына қарсы көтерілістердің басшысы болған.

1837-1847 жылдары Кенесары хан көтерілісіне белсенді түрде қатысады. Ханның 1847 жылғы сәуірдегі қазасына дейін үзеңгілес серігі болған.

Бұқарбай батырдың Кенесарыға қосылуы. Бұқарбай батыр қасына Нысанбай жырау, Қабан батыр, Меңдәлі батыр сияқты белгілі адамдарды ертіп Хан Кенесарыға өзі барып қосылғысы келеді. Осылайша олар Кенесары шатырын тігіп жатқан жеріне жол тартады. Әдетте оған барған адамдар Кенесарының шатырына жетпей бірер шақырым жерден аттан түсіп, жаяу баруы керек екен. Егер кімде-кім ол қалыпты бұзса, ол адам ханнан жақсылық күтпейтін көрінеді. Бірақ Бұқарбай тобы ол тәртіпті сақтамай, тура хан шатырының алдына барып бір-ақ тоқтайды. Бұқарбай аттан түсіп жатқанда, төрде отырған хан «Бұл неғылған бейбастық, бізден қаймықпай баса-көктеп келетін…» деп тоқтап қалады. Өйткені осы кезде қасында отырған қарындасы «Көрмеймісің, хан-ием, алдында Арыстандай киесі келе жатқанын, не де болса қабылдауға тура келеді. Теріс бұрылмаңыз» дейді. Хан жақтырмай, Бұқарбайды суық қабақпен қабылдайды. Бірақ есік алдындағы жасауылдарға «Ішке енгізбеудің амалын жасаңдар» дейді.

Бұқарбай есік алдындағы қарулы жасауылдардың қарсылығына мән бермей ішке еркін енеді. Еңкейген мойнын шабуға әрекет жасаған жасауылдардың бір сәт қолдары қалтырап, дәрменсіздік танытады. Бағанағы ханшаның көрген Арыстаны олардың да жауыздығын жүзеге асыртпағандай көрінеді. Осы жолы ханмен болған кездесуінен кейін ол шатырға еркін енетін батырларының бірі болады.

ХІХ ғ. 50-60 жылдары Қазақ жерін Қоқан басқыншыларынан азат етуде қоқандықтарға қарсы шығып, Ресей империясының жоғары билігін мойындап, Ақмешіт бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетті. Қоқандықтармен болған бір шайқаста Бұқарбай батыр ауыр жарақат алған. Қоқан хандығына қарсы әскери жорықтарға қатысқаны үшін патша үкіметінен марапаттарға ие болған. Өмірінің соңында ол өз ауыл-аймағында өмір кешіп, бейбіт шаруашылықпен айналысқан.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button