Түркістан облысы

Оқсыз қалашығы І – ХҮ ғғ

Маяқұм ауылының солтүстігінде, 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан.

Ғылыми әдебиетте Оқсыз Әбу Насыр әл-Фараби туған ортағасырлық Весидж қаласы деп есептеледі. ХІІІ ғасырда қала Зернук деген басқа атпен белгілі болған болу керек. Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқан. 13 ғасыр ортасында Зернук қаласы армян патшасы Гетум саяхатының сипаттамасында аталады. Зернук атауының шығу тегі де қызықты. Әбу Абдаллах Хорезмидің сөздігінде Зернук (Зурнук) шығырдың түрлерін білдіретін терминдер қатарында аталады. Суландыру жүйелерін зерттеу кезінде қала маңында бірнеше шығыр шұңқырлары мен шығырмен суландырудың кең таралғандығы анықталды. Осы жағдай Оқсызды Зернук қаласы деуге негіз береді. Оқсыз бен айналасында орналасқан егіншілік мекендер Оқсыздың оңтүстік-шығысында, 7 км жерде Сырдариядан бастау алатын Ақарық магистралды арығынан суландырылған.

5 бұрышты төбе екі қабаттан тұрады. Солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан цитадель биіктігі 13,5 м, жандарының ұзындығы: солтүстік-шығысы – 90 м, солтүстік-батысы – 75 м, оңтүстік-шығысы – 180 м және оңтүстік-батысы – 150 м. Аласалау бөлігі шахристан. Оның көлемі: солтүстігі 165 м, шығысы 200 м, оңтүстік-шығысы 150 м, оңтүстік-батысы 195 м, батысы 180 м. Шахристанның биіктігі 3-5 м. Шахристан айнала қабырғамен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштарында және 30-40 м сайын мұнаралары болған. Мұнаралардың орындары биіктігі 1,5 м төбешіктер болып қалған. Қаланы айналдыра ор қазылған, қазір оның тереңдігі 2-3 м. Қалаға екі жерден, шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларда орналасқан қақпа арқылы  кіретін болған. Орталық төбеге оңтүстігі мен батысынан қорғансыз рабад жапсарласады. Рабад территориясынан магистралды арық өтеді. Рабад көлемі 20 га-дай.

Басқа материалдар

Back to top button