Түркістан облысы

Отырар қалашығы І-ХҮІІІ ғғ

Отырар ауданы Арыс өзенінің Сырдарияға барып құяр жеріндегі жазирада ірге тепкен Отырар қаласы – тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб аттарымен белгілі қала орны болған. Отырар орта ғасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елді мекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің  бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. ІХ ғ. кездеседі. ХҮІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер мен жергілікті аңыз-әңгімелер Отырарда тіршілік 1750 жылдары тоқтағанын көрсетеді. Қаланың қаңырауына ХҮІІ ғасырдың 80-жылдары Жоңғар ханы Қалданның әскерлерінің шабуылы себеп болған. Жоңғарлар Отырардың суландыру жүйесін бұзып кеткен соң, халық оны оны қайта қалпына келтіре алмай біртіндеп көше бастаған.

Төбе келбеті Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінің көпшілігіне тән. Цитадель мен шахристан биіктігі 18 м келетін бес бұрышты төбе түрінде. Төбенің аумағы – 20 га, жандарының көлемі: оңтүстігі 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 350 м. Төбе айналдыра қабырғамен қоршалған. Оның кей тұстары қазірдің өзінде 75-800 тік. Қабырғада мұнаралар болған, олар қабырғаның сыртына шығып тұрған дөңгелекше келген төбешіктер түрінде сақталған. Қабырғаның сыртында жайпақ сай түріндегі ор көрінеді, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға үш қақпа арқылы кіретін болған. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы, оңтүстік және солтүстік-шығыс қабырғада, үшіншісі батыс қабырғаның ортасында орналасқан. Орталық көше, оңтүстік, орталық қақпаны солтүстік қақпамен байланыстырып, қаланы екі бөлікке бөліп тұр. Көше ені 5-8 м сай түрінде. Одан көптеген кіші және тұйық көшелер шыққан. Отырар топографиясының негізгі келбеті кейінгі ортағасырда (ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ.) қалыптасқан, сондықтан цитаделден қазіргі уақытта ешқандай белгі жоқ.

Басқа материалдар

Back to top button