Түркістан облысы

Созақ қалашығы Х-ХҮІІІ ғғ

Созақ ауданы, Созақ ауылының орталығында орналасқан. Қазақ хандығының қалыптасып, даму тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ ауылының жерінде жатыр.

Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Қалашықтағы тіршілік ХХ ғ. 50-жылдарына дейін жалғасқан.

Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзен-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеу саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан. Ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерде малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше, Қаратаудың арғы бетіндегі ірі оазистерді мекендеген егіншілер, қолөнер шеберлері мен зергерлер өз тауарларын мал өнімдеріне айырбасау үшін Созақтағы жәрмеңкеге келген.

Басқа материалдар

Back to top button