Түркістан облысы

Ысқақ баб (Баба ата) кесенесі

Созақ ауданы,  Баба ата ауылының солтүстік шетінде, мазарат ішінде орналасқан. Баба ата (Ысқақ баб) Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына ХІХ ғасырда жаңа кесене салынған. Жалпы көлемі – 21х13 метр. Төбесі екі күмбезді кірпіштен өріліп жабылған. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып,  қабырғасы михрабпен безендірілген. Ел, ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандырған – Ысқақ баб, әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы.

Баба ата кесенесінің тұрғызылуы жайлы басқа аңыздарға ұқсай бермейтін өзгешелікті байқауға болады. Қазақтар мен қалмақтар арасындағы шапқыншылық жылдарында Баба ата басына тұрғызылған мазар қасақана қиратылады. Сол тұста айналасында отырған халық та тоз-тоз болып жан-жаққа босып кетеді. Қайтадан бейбітшілік заман орнап, халық басы құралған кезде, Баба ата мазарының анық қай жерде екенін жұрт таппай қалады. Кесенені қайта көтермек болған халық орны қайда екенін тап баса алмай әбігерге түседі. Сол кезде ауылдың бір көнекөз қариясы, «Баб атаның анық қай жерде жерленгенін білудің бір ғана жолы бар» – дейді. Түнде сол жерге барып жасырынып жатып, бақылау керек. Таң таянып, шолпан жұлдызы туған кезде, Ысқақ бабтың қабірі үстінде қабылан пайда болады. Қабылан тұрған жерді дәл белгілеп алса, сонда жерленген болып шығады, – дейді. Жұртшылық ақсақалдың айтқанын істеп, түнде сол маңды бақылауға шығады. Айтқанындай таң саз бере қабылан пайда болады. Қабыланды өз көздерімен көрген адамдар Ысқақ бабтың – әулиелігіне тағы да көздері анық жетіп, сол жерді белгілеп алады. Келесі күні, қабылан тұрған жерді қазғанда Ысқақ Баба (Баб ата) сағанасына кіретін есіктің тура үстінен түседі. Ішке кіргенде жерленген кісі сүйегі мен Ысқақ бабтың туы, найзасын көреді. Қабірдің анық Ысқақ бабтікі екеніне көз жеткізген халық, бүгінгі күнге дейін жеткен кесенені тұрғызады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button