Павлодар облысы

БАЯНАУЫЛ ТАУЫНДАҒЫ ҚОҢЫР ӘУЛИЕ ҮҢГІР

Баянауыл тауындағы әулие үңгірі Павлодар облысы Баянауыл ауданы аумағындағы Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Қоңыр әулие немесе Әулие тас үңгірі – ертеден бері адамзат баласының анасы – Байананың құт мекені деп есептеледі. Қоңыр әулие өте көне заманнан Жаратқаннан адамдардың тілек тілейтін орны деп саналған.

Үңгір тектоникалық жік түсуден, гранит тасына табиғи сыртқы күштердің (жел, күннің қызуы, су шаю, т.б.) әсерінен пайда болған деседі. Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Мұндай табынудың себебі – түбіне үнемі су жиналатын үңгір түкпіріндегі қазан. Бұл су ауырғанға ем, қасиетті болып саналады. Белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп атап кеткен.

Бұл – адам мүрдесі жерленбеген табиғи құрылым. Тіпті, XVIII ғасырдың аяғында бұл үңгір жайлы еуропалық және ресейлік патша шенеуніктерінің жазбаларында кездеседі. 1790 жылдары «Оренбургская топография» кітабының авторы Петр Рычков Қоңыр әулиеде болғанын жазады. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин жазбаларында кездеседі. Қаныш Сәтбаев 1920 жылы киелі мекен жөнінде көп дерек қалдырған.

Әулиетас киелі үңгірі туралы белгілі өлкетанушы Н.Коншин XIX ғасырдың соңында «Керекуден Қарқаралыға дейін» аталатын жол жазбасында тамсана жазады. «Әулие тасқа науқастар мен кедей қазақтар сыйынады, ең бастысы, баласыз әйелдер нәресте сұрап келеді. Ғадетте кешқұрым және түнге қарай келеді, түнді үңгірде немесе соның маңында өткізеді. Бай адамдар қой сойып, үңгірдің ауызында от жағып, қазанға су толтырып, қой етін асады. Суды тек үңгірден алады, сол жерден дәрет суын алады, сол суды ішеді, әсіресе денесінің сырқат тұстарын сол сумен жуып, шайынады. Қазақтардың пайымдауынша, бұл судың емдік қасиеті өте күшті» делінген.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=97

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button