Жаңалық

10 қаңтар - Жалпыұлттық аза тұту күні

Елімізге жасалған террористік актілердің салдарынан көптеген адамдардың қаза болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 10 қаңтарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Жаңа жылдан кейін газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық танытқан халықтың бейбіт шеруін лаңкестер қанды қырғынға ұластырды. Бар-жоғы бір аптаның айналасында болған ойранда ел есеңгіреп, үрейдің ішінде қалды. Ел қорғаған азаматтар мен бейуаз жұрт содырлардың қолынан қаза тауып, бейкүнә балалар қыршынынан қиылды.

Нақтырақ айтқанда, 2 қаңтар күні қымбатшылыққа қарсы Жаңаөзеннен бастау алған бейбіт шеруге Маңғыстау облысының өзге де өңірлері үн қосқан болатын. Митингтегі талап-тілектерді орындау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, өңірге вице-премьер Ералы Тоғжанов барған-ды. Нәтижесінде сұйытылған отынның бағасы 50 теңгеге дейін төмендетіліп, халықтың бірсыпыра ұсынысы орындалды. Бірақ наразылықты желеу еткен бұзақылар Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жаппай тәртіпсіздікке барып, қамсыз жатқан халыққа лап қойды, нысандарды өртеп, дүкендерді тонады.

Елімізде егемендіктен кейін үшінші рет төтенше жағдай режимі жарияланды. Президент арт-артынан үш рет үндеу жасап, құқық қорғау қызметкерлерінің жедел аттанысқа келуінің арқасында жағдай оңалып келеді. Ел шырқын бұзып, жауыздыққа барған бас бұзарлардың тобы әлі де анықталып жатыр.

Лаңкестермен күрескен 16 жауынгер қаза тапты. Мемлекет басшысы әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін оларға мемлекеттік наградаларымен марапаттады. Атап айтқанда:

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 

Әділбай Дастан Әділбайұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы

Барғанаев Дархан Ермекұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы облысының полиция департаменті жедел қимылдау арнайы жасағының инспекторы

Жағалбаев Жандос Мұхтарұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының аға офицері

Кабдинов Андрей Вячеславович (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының кафедра бастығы

Сланбеков Рахат Нұрбайұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысының Тараз қаласы полиция басқармасының  1-бөлімінің учаскелік инспекторы;

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Алмасов Нұрболсын Ғаниұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы Полиция департаментінің көлік жүргізуші-полицейі

Аманов Айбат Ерболұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі

Асылханов Ален Мұхитұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы Полиция департаменті Алмалы ауданы полиция басқармасының көлік жүргізуші-полицейі

Әділхан Жайық Ұғұлқанұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының бөлімше командирі

Бітім Мейірхан Ержанұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының курсанты

Ержанов Ербол Тілеубекұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЛА-155/16 мекемесінің аға бақылаушысы

Жұпарбеков Дәулет Бауыржанұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының курсанты

Қайсаров Мадияр Оразалыұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы  5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі

Қамбетов Ринат Талғатұлы (марқұм) –  Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Алмалы ауданы полиция басқармасының көлік жүргізуші-полицейі

Смайылқанов Ғабдолла Ғалымұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі 21751 әскери бөлімінің маманы (операторы);

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен 

Нұркенов Әділ Дулатұлы (марқұм) – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кіші жедел уәкілі марапатталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button