Қызылорда облысы

ОҚШЫ АТА КЕСЕНЕСІ (ХІ ғ.)

Сыр өңіріндегі киелі орындардың бірі. Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан.

Оқшы ата мазаратын халық кейде «жеті әулие» деп те атайды. Бұл Оқшы атаның есімімен тікелей байланысты. Оқшы атаның азан шақырып қойған есімі Көгентүп, кейбір деректерде Ибраһим болған делінеді. Оқшы ата – халықтың қойған есімі болса керек.

Халық аузында Оқшы ата туралы аңыздар жиі кездеседі. Олардың бірінде: Оқшы ата жас кезінде жетім қалады. Күнкөріс үшін ел аралап жүріп, жалғыз қызы бар бір қайырымды шал мен кемпірге тап болады. Олар мұны өздеріне бала етіп асырап алады. Оқшы кемпірді ана, шалды әке, қызды қарындас санайды. Ержеткенде олардың асыраушысы өзі болады. Егін егіп, диқандықты кәсіп етеді.

Фольклортанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Оқшы атаны «Қорқыт ата» кітабының басты кейіпкері болуы оның тарихи тұлға екеніне дәлел бола алады дейді. Сондай-ақ, оны оғыз-қыпшақтың ханы Қазан Салордың батыры әрі қару-жарақ соғатын шебері деген деректер келтіреді.  Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерленгендігі туралы қорытынды жасаған.

Сонымен қатар, Оқшы ата түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер бар. Бұл жер ХІҮ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы ата жері ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі-қыпшақтардың Бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен. Демек, бұл қабірстан біз білетін аталардан басқа қадым ғасырларда жасаған небір арыс азаматтардың жатуы мүмкін. Оқшы ата, Есабыз, Асан қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол би сияқты ұлылар – халық зердесінде сақталғандары ғана.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button