Қызылорда облысы

СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ (Х-ХҮІІІ ғғ.)

Қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын киелі жерлердің бірі. Жаңақорған ауданы, Сунақ ата ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымда орналасқан. Қыпшақ хандығының, Ақ орданың, Көшпелі өзбектер ханы Әбілқайырдың астаналары атанған қала. Ал Қазақ хандығы құрылғанда Түркістан қаласымен қатар осы Сығанақ қаласы қазақ жерін басқару орталықтарының біріне айналды.

Қала жөнінде тарихи деректер өте көп. Солардың алғашқысы Х ғасырда өмір сүрген араб географы Әл-Мукаддаси еңбегінде  кездеседі. Ол Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Махмұт Қашқаридың ХІ ғасырда жазылған «Диуани лұғат ат түрік» атты үш томдық еңбегінде «Суғнақ оғыздардың қалаларының бірі» деп жазылған.

Әбілғазы баһадүр деректерінде айтылғандай Сығанақ қаласы Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханмен бес күн шайқасқан қалалардың бірі. Ол туралы халық арасында «Сығанақ апаты» деген атпен әлі күнге естелік әңгімелер сақталған.

Шаһар халқы ХІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабылдаған кезеңде араб  жазушылары өз еңбектерінде Сығанақ қаласының тұрғындары – қыпшақтар мен қаңлылар және оларды бір-бірінен ажыратып болмайтындығын жазды. ХІҮ ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда ханы Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырады. Шайбани ханның жылнамашысы Фазлаллах ибн-Рузбихан Исфахани өзінің «Михман-наме Бухара» атты еңбегінде Дешті даласының атақты хандарының сүйектері Сығанақта жерленіп, қабірінің үстіне кесене тұрғызылғандығын анықтап жазған.

Сығанақ қаласы туралы дерек қалдырған А.Ю.Якубовский еңбектерінде Сығанақ базарында Қытай мен Шығыс Түркістаннан, Еуропа мен Кіші Азиядан ірі сауда керуендері жүріп отырғандығы айтылады.

Тарихшы Мойын ат-дин Натанзидың жазбаларында Ақ Орда хандарының бірі Ерзен Сығанақта көптеген әсем, зәулім ғимараттар салдырған. Археологтардың зерттеуінің нәтижесінде Сығанақтың теңге сарайында XIV ғасырда Ақ Орданы билеген Орыс хан мен Тоқтамыс хандардың есімдері бейнеленген теңге-ақшалар табылып отыр.

Сығанақ қалашығы Қазақ хандығының нығаюына қызмет жасады. Қасым хан тұсында қазақ халқының саны бір миллионға жетті деген деректің кездесуінің өзі қазақ хандығының Сығанақ секілді Сыр бойындағы қалаларды бағындыруымен байланыстырылады. Қанша кезең өтсе де Сығанақ қаласы туралы тарихи деректер маңызын жойған емес.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button