Қызылорда облысы

ТӨЛЕГЕТАЙ-ҚЫЛЫШТЫ АТА КЕСЕНЕСІ, 2008 ж. (ХІ-ХІІ ғ.ғ.)

Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылынан оңтүстікке қарай 7 шақырым жерде орналасқан ескерткіш.

Қылышты мен Төлегетай XI-XII ғғ. өмір сүрген батырлар әрі әулиелер. Қылышты ата өз заманының батыры, әрі ерекше қасиетке ие әулие адам болған деседі. Қылышты атаның әкесі Камаладдин Меккеден келіп Қырөзгент шаһарының патшасы Әбубәкір Сыдық ұрпағы Ілгімағзұмның қызына үйленеді.

Содан көп кешікпей Меккеге қайтып кетеді. Қылышты ата шеше ішінде қалып, өскенде аспаннан қылыш пен ақбоз ат түсіп 1001 бәлеге қарсы тұрған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылышы күн сәулесіне шағылысып, қылыштың жүзіне қонған шыбын екіге бөлініп түсе беретін болыпты. Онысы «Кімде-кім адал болмаса осындай жаза алады» дегені екен. Міне осыдан бастап Қылышты ата атаныпты.

Қылышты ата туралы «Бабырнама», Камилқан Қаттаевтың «Махдуми Ағзам және Дағбед», Ақсақ Темірдің өмірі туралы Шарафиддин Али Аздидің «Зафарнама» кітаптарында жазылған.

Төлегетай – Қылышты атаға өкіл бала болып тәрбиесін алып, қойын бағады. Бір күні Қылышты ата Төлегетайды сынайды. Сөйтсе сусыз құм ішінде Төлегетай аса таяғымен жер сызып су шығарып, қой суарып жүр екен. Баланың жетілгенін біліп, өз қызын беріп күйеу бала етеді. Төлегетайдан төрт ата Найман тарайды.

Төлегетай Баба – ХІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы. Наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент-Түркістан өңіріне жіберіледі. Бұрын да бірінің атағын сырттай білетін Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button