Қарағанды облысы

АҒЫБАЙ ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Ағыбай батыр кесенесі – ХІХ ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Ағыбай батыр Қоңырбайұлы (1802-1885 жж.) – Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Ағыбай батыр Ұлытау тауының етегіндегі ауылда дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы қаракесек-шұбыртпалы арғын руынан шыққан. Әкесінен ерте айрылған. Шешесі – Абылай ханның сенімді батырларының бірі Наймантайұлы Байғозының қызы. Жорықта үнемі жолы болатындықтан ол «Ақжолтай батыр» атанды. 1885 жылы Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуге ұлықсат бермеген. Кесене ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Бетпақдаланың солтүстік-шығысындағы Тайатқан-Шұнақ тауының маңайында, Босаға өзенінің аңғарында тұрғызылған. Ағыбай батыр кесенесі шаршы түрінде салынған, бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылған. Ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңтүстіктен шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солтүстік-батыс бұрыштан екінші орында жатыр. Шұбыртпалы Ағыбай батыр табын Бұқарбай батырмен бірлесіп, Хиуа мен Қоқан билеушілерінің. Сыр бойы қазақтарына көрсеткен қысым-қорлығына қарсы соғысып, ел мүддесін ақ найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған. Кенесарының бас батыры Ағыбайдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button