Қарағанды облысы

АҚСУ-АЮЛЫ ІІ ҚОРЫМЫ

Шет ауданының Ақсу-Аюлы II ( б.э.д.XII-XI ғ.ғ) кешені Шерубай-Нұра өзенінің сол жағасы аңғарында, Ақсу-Аюлы ауылынан 3 км солтүстікке қарай орналасқан. 1952 жылы зерттелген. Қола дәуірі мәдениетін, тұрмысын сипаттайтын ескерткіш. Қорымда отыз алты мола бар. Оның жиырма төрті Аңдронов мәдениетін, қалған он екісі Беғазы-Дәндібай мәдениетін сипаттайды, археологиялық экспедициясы қола кезеңінің үш үлкен қоршаулы обасын зерттеді. Оның ішінде аса құндысы үш оба. Оба іргесін үлкен тастарды қырынан көміп бекіткен. Қазғанда оның ішінен екі қабат қоршау мен үлкен тас-қабір ашылды. Бетін екі үлкен қақпа таспен жапқан. Қабірден басын батысқа қаратып, шалқасынан ұзынынан жатқызған мәйіт сүйегі мен қыш ыдыс сынықтары табылды. Бұрыштары дөңгеленіп салынған төрт бұрышты бір қоршаумен және оның сыртынан дөңгелекше келген екінші қоршаумен қоршаған. Қоршаулардың қабырғалары ірі кақпа тастарды жалпағынан қалап тұрғызылған. Жоғарғы жағы ортасына қарай бүрмелене күмбез қалау тәсілімен қаланған. Қоршаулардың бетін бөренелермен баспалдақты пирамида тәрізді етіп жапқанға ұқсайды. Оның өртенген көмірі, үстінен қамыспен жапқан қалдықтары, тал бұтақтары, күл қалдықтары сақталған. Қоршаулар ішінен қыш ыдыстар сынықтары мен мал сүйектері шықты. Ыдыстардың бірнешеуінің сыртындағы оюлар Андронов мәдениетіне тән геометриялық өрнектер болса, бірқатары Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өрнектерімен безендірілген пішімі өзгеше ыдыстар. Осы белгілер кешеннің Беғазы-Дәндібай мәдениетін сипаттайтын алғашқы рубасының немесе қоғам көсемінің құрметіне салынғанын аңғартады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button