Қарағанды облысы

БАЯН БАТЫР ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРІ

Абылайдың ақ найзалы заманында ел тәуелсіздігі үшін қаһармандықтың үлгісін танытқан хас батыр Баян Қасаболатұлы 1710/15 жылдары дүниеге келген. Бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек батыр жөніндегі деректерді Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі. Хан Абылай өз заманында аса жоғары бағалаған екі батыр болса, соның бірі – Баян батыр. Орта жүздің Уақ руынан шыққан әйгілі батыр туралы аңыз да, ақиқат та көп. Ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановтың «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Баян батыр туралы мәліметтер бар. Онда «Абылайдан: «Үш жүздің батырларының ішінде бәрінен жақсы көріп, құрмет тұтатыныңыз кім?» деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «…Өз батырларымның ішінде байлығы мен батырлығы, мінезі жөнінен Малайсары, ақылы мен өжеттігі жөнінен уақ Баян бәрінен артық» делінеді. Шоқан келтірген тағы бір деректе кескілескен ұрыста жау ортасында қалған Абылайдың «Мына қоршауды бұзып өтер кім бар?» деп айқайлап, сасқан кездегі сәті айтылады. Екі рет дауыстап айқайлағанда ешкім болмапты, тек үшінші дауыстағанда Баян батыр суырылып шығып, қоршауды бұзады. Ұрыстан соң, Абылай жас батырды іздеп тауып, «Жауға шабарың бар, үш рет неге айтқыздың?» дегенде, Баян: «Алдымен жолды сұлтан-төрелерге бердім, одан кейінгі жол аға баласы Арғындікі еді. Ақырында ажалдан басқа жол қалмағанда өзім шаптым»,– деп жауап беріпті. Шоқанның бұл мәліметтерінен Баянның ханына да, халқына да мәлім, айбынды қолбасшы және ержүрек жауынгер болғанын көреміз. Бар қазаққа батырлығымен аян болған батыр Баянның өмірден қайтқан уақыты 1757 жыл деп көрсетеді ғалымдар. Баян батырдың қайтыс болуы туралы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында бар. Қалмақ көшін тоқтаусыз шауып, сол кездегі қытай жерінің шегіне дейін тықсыра қуған батыр қайтар жолда уланған құдықтан су ішіп, жасағымен бірге қырылған. Ол 32 Қарағанды облысына қарайтын Шет ауданының Қарабұлақ ауылы маңындағы Сары-Баян жотасында жерленген.

Басқа материалдар

Back to top button