Қарағанды облысы

БАЙҒОЗЫ НАЙМАНТАЙҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Наймантайұлы Байғозы (1705-1803 жж.) – қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының туып өскен жері Қарағанды облысы Шет ауданы Көктіңкөлі ауылы, Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңарқа және Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749 жж.) туған 33 қарындасы. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Ясауи кесенесіндегі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Жоңғарлармен болған бір ұрыста Байғозы қалмақтың ту ұстаған басшы батырын садақпен атып түсіріп, жаудың бетін қайтарып, Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек бастаған қазақ қолын жеңілістен сақтап, күтпеген жеңіске жеткізеді. Байғозының аты содан бастап жұртқа мәлім болады. Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған шайқастардың бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен Байғозы батырдың небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыртолғауларында кездеседі. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады.

Басқа материалдар

Back to top button