Қарағанды облысы

БҰҚАР ЖЫРАУ КЕСЕНЕСІ

Бұқар жырау Қалқаманұлы – ХVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ең көрнекті өкілдердің бірі. Ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы 1668 жылдар шамасында туған. Бұқардың арғы тегі – Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Бұқар жырау ертеден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ қабырғалы би болған, Абылай ханның тұсында мемлекеттік істерге тікелей араласқан. Бұқар жыраудың шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде жеткен. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен»,– деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы МәшһүрЖүсіп Көпейұлы. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған ел болуға үндейді. Көреген ақын қазақ халқының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырына қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктіретін қолбасшы, көзсіз батыр ретінде суреттейді. Ол сонымен қатар Абылай ханның қасындағы ақылғой қариясы, басты идеологы болған. Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясында «Халық Бұқарды Абылайдың тілі мен көмейі дейді» деген сөз бар. Бұқар жырауға сәбиінде Әнет баба бата берген. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілеміне жерленген. 1993 жылы ұлы абызға кесене салынды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Жырау ұғымы ғадетте ақыннан ірі, өйткені ол мемлекеттік қайраткер, ұлы идеолог, ханның ең сенімді адамы, кеңесшісі, әрі суреткер, әрі батыр. «Хан – қазық, би – арқан». Жыраулардың көбінің өмірі жаугершілікте, ат үстінде өткен. Жыраулар толғауы қазақ халқы үшін ұлтты сақтаушы намыс пен рухты жоғалтпайтын киелі рөл атқарды. Елдік идеологияны, халық ретінде өзін-өзі сақтау түйсігін берік ұстауда өлшеусіз орны бар семит халықтарының қасиетті кітаптарынан кем түспейтін құдірет біздің жыраулар поэзиясында айқын тұр.

Басқа материалдар

Back to top button