Қарағанды облысы

ДОМБАУЫЛ ҒҰРЫПТЫҚ ЕСКЕРТКІШІ

Кең байтақ Еуразия даласының алтын кіндігі Ұлытау. Бұл өлкеден 600-ден астам көне ескерткіштер табылды. Ұлытау ауданы Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 58 шақырым қашықтықта, Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан Домбауыл кесенесі ғалымдардың пікірінше, Орталық Қазақстандағы ең көне құрылыстардың бірі болып саналады. Домбауыл кесенесі ғұндар билеген кезде салынған деп есептеледі.

Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, оның болғаны тарих және мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады. Қазақ халқының аңыз әфсанасында Домбауыл бағаналы найман руынан шыққан батыр. Домбауыл көзі тірісінде Жошы ханның сенімді серігі, сарай мергені болғанға ұқсайды. Домбауылдай батырдың атын асқақтатқан, оның қос ұлы – Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа заманында дәулескер күйші болған екен. Домбауылдың ұлы Кет-Бұқа «Ақсақ құлан» күйінің авторы деген жорамалдар да бар. Әйгілі тарихшы Құрбанғали Халитұлының «Сегіз оғыз» елінің қалай қалыптасқанын баяндағанда теріс таңбалы тайпа аты – Домбауыл болған.

Серік Ғабдуллиннің жазбалары бойынша, Домбауыл батыр Шыңғыс ханның оң жақ тізесінен орын алған ықпалды адам ретінде айтылады. Домбауылдың қадіріне жетіп, оның қасиетін ұққан Шыңғыс хан оны үлкен ұлы Жошының қасына ақылшы етіп қосады. Домбауыл Шыңғыс ханның үнемі жанында ұстаған аңдасы, мергені екен. Хан саят құрып 18 аңға шыққанда, Домбауыл әркез қасында болған. Бәйтерек басына ілген күміс теңгені көздемей түсіретін ғаламат мерген, айтулы батыр және домбыра мен қобыздан күмбірлетіп күй төгетін күйші, сазгер адам болған. Жошы ханды айғыр құлан теуіп, қайғылы қазаға ұшырағанда Домбауыл кек алмақ болып, құландарды Ұлытаудан 300 шақырым алшақ жатқан өзеніне дейін қуған деседі. Бір үйірден тек бес құлан қашып құтылған. Шудың сол тұсын ел «Бес құланның өткелі» деп атайды. Енді бір аңызда Домбауыл құс қанаты талардай кеңістікте ор қазып, жабайы құландарды қуып әкеп, сол орға құлатқан екен. Содан тек бес құлан аман құтылыпты. Қазақ даласында сол бес құланнан қайта көбейіп тұқым өсіпті. Бұл аңыздардың бәрі көшпелі өркениет пен киелі мекен Ұлытаудың ұрпақ жадынан жоғалмай сақталатын шежірелі тарихы.

Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып қүмбезделген тас қесенелерді «үйтас», «дің» деп те атаған, бұлар әр аймақтарда белгілі және Орталық Қазақстан, әсіресе, Торғай өзенінің бойына кең тараған. Жалпы мұндай кесенелер ежелгі кезде көшіп-қонып жүрген жолаушы қазақтар үшін түнемелік орын болған. Қазақ дүниетанымында жын-шайтан ұялайтын ескі тамға қонуға болмайды, ал ескі зиратқа түнеуге болады. Мазарларға түнеп, сосын өзінен кейін келетін жолаушы үшін мазар ішін тазалап кетіп отырған. Қазақ халқы мазарды қасиетті – теріс, қара күштерден таза жер деп санаған. Кие тұтып, қол шошайтпаған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button