Қарағанды облысы

ЕДІГЕ ШЫҢЫ

Бетпакдала арқылы Жезқазғанға сапар шеккен жолаушылар көне замандарда тасына жазу түскен Таңбалы тастан өтіп, ¥лытауға жетеді. Айналасы теп-тегіс жер. Ұлытаудың ең биік жерін халық Едіге тауы деп атайды.

Едіге тауы Ұлытау ауданынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. «Едіге шыңы», «Едіге биігі» атанған бұл биікте Едіге батырмен қатар Алтын Орданың атақты ханы Тоқтамыстың да сүйегі жатыр. Тоқтамыс ханның ордасында беделді би болған Едіге қасиетті Ұлытаудың биік шыңдарының бірінде жерленген. Ол шың кейіннен Едіге деп аталып кеткен. Едіге Алтын Орда ханы Тоқтамыспен қатарлас болған. Ал Тоқтамыстың 1380-1395 жылдары Алтын Орданы билегені, Сауран, Сығанақ шаһарларын орталық еткені тарихтан белгілі. Едіге сол Тоқтамыспен тізе қосып, кейін Еділ, Жайыққа дейінгі жерді өзіне қаратып, Ноғай ордасының негізін қаласады. 1396 жылдан бастап Алтын Орда хандығын 15  жылдай билейді. Ноғай ордасының нөгізін салған Едігенің есімі қазақ, қарақалпақ, башқұрт халықтарының аңыздарында кездеседі. Кейін Тоқтамыс ханды Едіге өлтіреді. 1419 жылы Сарайшық қаласының жанында Тоқтамыс балалары әке кегін қайырып, оны өлтіреді, елжұрт Едіге бидің денесін Ұлытауға әкеп қояды. Ол маңда «Едіге тауы», «Едіге обасы» деген жерлер бар. Ер Едігенің өзі тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен.

Дала перзентінің бойындағы даналық бұғанасы қата бастаған шақта-ақ белгі берген.  Бізге жеткен аңыз-әңгімелерде Едігенің хан алдында қаймықпаған қайсарлығы ақыл мен пайым-парасаттылығы турасында көп айтылады. Ел жадындағы Едіге – әрі батыр, әрі көсем,  әрі шешен, әрі би, әрі ақылгөй дана. Сондықтан халық арасында «Ер қамын жеген Едіге» деген қанатты сөз бекіп қалған.

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Ел шетіне жау келсе,

Мен барайын дер екен, – деген жыр жолдары бар.  Орыстың этнограф ғалымы Григорий Потанин ел аузынан  жазып алған аңыз-әңгімелерінде: «Едіге – қазақ батыры. Оның билік құрған заманын ел ардақтап, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп санаған» деп көрсетсе, Әлкей Марғұланның дерегі бойынша, «Араб – шах Едіге туралы көп жазған, еңбегі Ташкентте Едіге тұқымының бір бұтағы Құмкентте» делінеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button