Ақтөбе облысы

Исатай батыр кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 2014 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қиыл ауылынан 9 км оңтүстік-оңтүстік-шығыста.

Зерттелуі: Ішкі Ордадағы көтерілістің тарихын алғашқы зерттеушілер (А.Рязанов, М.Вяткин, А.Шахматов) олар үкімет әскерімен болған соңғы шайқас туралы жазады.

Исатайтануда қазақ тіліндегі алғашқы басылым (1924, 1925 жж.) Алаштың ардагері, ғалым Халел Досмұхамедұлының тарихи естеліктерін де айтуға болады. Исатайдың соңғы шайқасы туралы негізгі құжат – полковник Геккенің баяндамасында (13.07.1838 ж.): қысқаша да анық жеткізілген. Исатайдың мүрдесін іздеуді белгілі антрополг Н.Шаяхметов 1968 жылы бастайды. Исатай батыр туралы ғалымдар мен зерттеушілер көптеген еңбектер жазды.

Қысқаша анықтамасы: Исатай Тайманұлы 1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы, халық батыры. Исатай Тайманұлы 1791 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы «Тайман жалы» деген жерде туған. Сейітсай қорымында Исатай батырға 2014 жылы кесене тұрғызылды. Кесененің биіктігі 11,5 метр, ені 6 метр. Кесене ішінде Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары және Исатай батырдың бейнесі, сонымен бірге Махамбет ақынның «Арыстан туған Исатай, Дегеніне жете алмай, Арманда өтіп кетті деп, Қиналсаңыз біздерге, Мың сан рахмет сіздерге» деген шумақ өлеңі қашалып жазылған. Кесененің қабырғалары қазақи нақышта өрнектелген.

Аңыз әңгіме: Ел арасында «Ағатайдың әруағы Исатайға қонған. Әруақ түнде ұйықтап жатқанда айдаһар жылан болып келіп, беліне оралады немесе қара бура болып күркіреп, омыраулап келіп қойынына келіп жатады екен» деген сөз бар. Ағатай батыр өлеңінде «менің тұқымымнан жуырда біреу шығады, жалыны жалп етіп көкке жетеді де сөнеді. Әруағы менен артық болады да, өмірі менен қысқа болады» – депті. Мұны халық Исатайға жорыпты. Солай болды да.

Ел ауызындағы әңгімелердің бірінде,  1814-1815 жылдар шамасында Бөкей баласы Жәңгірді Астраханға оқуға апара жатып, жолда Исатай ауылынан түсіпті. Қонып отырып Бөкей: «Мына балам менен кетіп хан болады» – депті. Сонда Исатай «Жәңгір хан болғанда қара қазақтың халі нешік болады» – дейіді. Бөкей хан сасып қалып неге бұлай дедің деп сұрағанда, Исатай «Балаңның алды қан, арты шаң ғой» – депті. Исатайдай дарынның көрегендігі-сол айтқаны келді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button