Ақтөбе облысы

Жаманшың метеорит кратері

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, аудан орталығынан 40 шақырым оңтүстік-батыста.

Зерттелуі: Жаманшыңды 1937-1939 жылдар аралығында алғашқы болып  зерттеген ғалымдар А.Л.Яншин мен В.А.Вахрамеев болып табылады. Сол жылдар аралығында геологтар Жамашыңда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Жаманшыңның құпияларын табу зерттеуші ғалымдарға оңайға түскен жоқ. Сондықтан да бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары одан әрі жалғасын тапты. Зерттеу жұмыстары кезінде ол жерден қара түсті шлактар, әйнектің ерекше түрлері көптеп кездеседі. Табылған кен үлгілері Мәскеудегі білікті ғалым Петр Флоренскийге жіберіледі. Ол  1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде негіздеп дәлелдеді. Осыннан табылған ерекше тастарға жаманшит, иргизит деген атаулар берілді. Осыдан кейін барып, яғни 1977 жылдың жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің экспедициясы жұмыс істей бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.

Қысқаша анықтамасы: Зерттеушілер Жаманшың осыдан 0,75-1,1 млн жылдар бұрын оңтүстік шығыстан – солтүстік батысқа қарап ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) құлау салдарынан пайда болғандығын анықтады. Ойпаттың диаметрі 5-6 шақырым, түбі жайпақ, тереңдігі 700 метрдей. Метеориттің диаметрі 200-400 метрге жетеді.

Аңыз әңгіме: Жаманшың атауы туралы аңыз көп. Ол жерге өсімдікте шықпай, жәндіктерде жолай алмағандықтан жұрт Жаманшың деп атап кеткен. Жаугершілік жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп паналған, құрсанып келген қуғыншылар таба алмаған.

Басқа материалдар

Back to top button